Ресейде әскери бүлік бастаған Евгений Пригожин ұшақ апатынан көз жұмды (видео)

0

Ресейдің Тверь облысында ұшақ апатқа ұшырады. Бортта «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин мен оның оң қолы Дмитрий Уткин болған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жеке ұшақтың бортында 10 адам болған. Олардың барлығы мерт болды.

Бейнежазбада әуе кемесінің құлап бара жатқаны көрінеді. Апат Тверь облысындағы Куженкино ауылында болған, қирандылар ферманың жанына құлаған.

Куәгерлердің бірі ұшақ құлаған кезде екі рет жарылыс дауысын естігенін айтады. Содан кейін борт құлай бастапты

«Үйімнің жанында тұрып, қарап тұрдым. Бірінші жарылыс, содан кейін екінші жарылыс, қозғалтқыш жарыла бастаған сияқты», – деді Тверь облысының тұрғыны «Московский комсомолец» газетіне.

Евгений Пригожинтің командасына тиесілі бизнес-джет әуеде жарты сағаттай ғана болды. Ұшақ көтерілгеннен соң 26 минуттан кейін апат орын алған.

Росавиацияның мәліметі бойынша, Embraer-135 (EMB-135BJ) бортында Propustin Sergey, Makaryan Evgeniy, Totmin Aleksandr, Chekalov Valeriy, Utkin Dmitriy, Matuseev Nikolay, Prigozhin Evgeniy болды. Экипаж мүшелері – командир Levshin Aleksei, екінші ұшқыш Karimov Rustam, стюардесса Raspopova Kristina.

«Embraer ұшағының апатына қатысты тергеу басталды», – деп мәлімдеді Росавиация.

Ал “Вагнер” әскери компаниясына қатысты Telegram-арналарда Пригожиннің өлімі расталса, Кремльге шабуыл жасайтыны туралы ақпарат тараға. Осылайша олар өз көшбасшылары үшін кек алуға ниетті.

Еске салсақ, Пригожин Ресейде әскери бүлік ұйымдастырған еді. Путин әскери бүлікшілерді сатқындық жасады деп айыптады. Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын мәлімдеп, бүліктен кейін 5 күн өткен соң Путин мен Пригожиннің кездескенін айтқан.