Ресей қазақтарының кіші құрылтайы өтеді

0
06 Желтоқсан 2018, 17:32 357 0

Астана, BAQ.KZ. 8 желтоқсан күні «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының көмегімен Омск қаласында Ресей қазақтарының аймақтық құрылтайын өткізеді.

Шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қатысады деп жоспарлануда.

«Онда тарихи отанның қазіргі жағдайы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы жетістіктері туралы айтылып, ДҚҚ мен «Отандастар» қорының бірлескен қызметі жайында айтылады. Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» қорының мақсат-міндеттері туралы айтылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған Қордың жоспарлы жобалары да осы жиында сөз болады» — делінген қордың баспасөз қызметі.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев қатарлы қазақстандық мамандар да осы құрылтай құрамында болады.

«Құрылтайда Ресейдегі қазақ диаспорасының ана тілінде білім алуы, мәдени-рухани мұраларды зерттеуі және іскерлік дамуы тұрғысында қолдау көрсететін жобаларды іске асырудың негізгі бағыттарын талқылау жоспарланып отыр» — дейді ұйымдастырушылар.

Ресейдегі қазақтардың саны шамамен 1 миллион адамды құрайды. Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас аймақтарда тұрады. Ең ірі қазақ диаспоралары Астрахан, Орынбор, Омск және Саратов облыстарында орналасқан. Ресей халық санағы бойынша қазақтар татар, башқұрт, шуас сынды түркі этностарынан кейін төртінші және Ресейдің жалпы этностары ішінде оныншы болып тұр.

Шетелде тұратын қазақтардың кіші құрылтайлары жыл сайын Қазақстанның Қоғамдық даму Министрлігі қолдауымен өткізіледі. Шара қазақ диаспораларының төл мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалуына бағытталған.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ