Рамазан айында Алматыда күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылады

0

Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы жоспар бекітілді, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Sputnik сайтына сілтеме жасап.

Соған сәйкес, қаладағы 52 мешіттің 47-сінде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Бұл туралы Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мәлімдеді.

Қалған 5 мешітте тарауих намазы құран хатымсыз оқылады.

«Рамазан – құран айы. Сол себепті осы айда қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі. Сондай-ақ Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылады. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі», — деді қаланың бас имамы.

Төлеби Оспанның айтуынша, Оразаның алғашқы күні жұртшылыққа ораза айының келгенін сүйіншілеу мақсатында «Қош келдің, Рамазан!» айдарымен қала көшелерінде 100 000 дана су мен құрма таратылады. Бұл шараға имамдар бастаған жастар мен блогерлер жұмылдырылады.

Сондай-ақ «Жақыныңа сыйлық сыйла» және «Жарапазан» эстафеталары ұйымдастырылады.

Оразаның алғашқы күні жұма намазынан кейін қала мешіттерінде «Оразаға қатысты сауалдарға жауап беру алаңы» деген атпен жамағаттың діни сұрақтарына жауап беру шарасы өткізіледі.