Қызылордалық көп балалы аналар: Әкімдікке жиналып мәселемізді айтқанда полицейлер соққыға жықты

0
2044

Қызылорда қаласында бір топ көп балалы ана өткен түнді облыс әкімдігінің алдында өткізді. Олар қала әкімдігі жақында үлестірген қаржылай көмек шын мұқтаж, жағдайы төмен отбасыларға берілмеді деп ашынды. Ал ең сорақысы бұл мәселелерді әуелі шенеуніктерге жеткізбек болғанымызда, полицейлер келіп кейбірімізді соққыға жығып кетті дейді.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қала әкімдігінен көмек сұрап барып, ақыр соңы полицейлер ұрды деген аналар амалсыз түн ортасында облыс әкімдігіне жиналғандарын айтады. Олар осында түнеп, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованы таң атқанша сол маңда күтеміз деп бекініп келіпті.

Айтуларынша жақында қала әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп, жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек берген. Ал бұл көмекті шенеуніктер әділ үлестірмеді деп ашулы аналар. Қала әкімдігіндегілер құлақ аспаған осы мәселені облыс әкімінің өзіне жеткізгіміз келеді дейді.

«56 адамға қаржылай көмек берілді. Ең азы 50 мың теңгеден алған. Анадан ананың айырмашылығы жоқ. Беріле ме көмек. Шын мұқтаж адамдарға берсін», – деді көп балалы ана Жанар Пірманова.

Көп балалы аналардың айтуынша қала әкімдігіне бұған дейін де көмекке мұқтаж екендерін айтып бірнеше рет жиналған. Ал шенділер бізді жау көргендей мәселемізді шешудің орнына, қайта құзырлы орган қызметкерлерін шақырып бізді қорқыттты дейді. Ол аздай аналарды әкімдік ғимаратына жақындатпау үшін түрлі қитұрқылыққа барғандарын айтады.

«Көп балалы аналар отырған ғимараттың жарығын сөндірді де тастады. Тас қараңғы болды. Сол кезде 15-20 шақты милиция ішке топ ете қалды. Милициялар деген малша сүйрейді аналарды», – деді көп балалы ана Раушан Алшанбаева.

Полиция департаменті өткен түнде көп балалы аналарға тәртіп сақшылары тарапынан күшпен қысым көрсетілмеді деп отыр. Ал аналар айтқан қаржылай көмекке қатысты қалалық және облыстық әкімдік әзірге сұхбат бермеді.