Қызылордада шетелдік университеттерге түсуге дайындайтын орталық ашылады

0

Биыл Қызылордада Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Көшербаев дарынды түлектермен кездесу барысында мәлімдеді.

Кездесуге республикалық және халықаралық байқаулардың, олимпиадалардың 55 қатысушысы  шақырылды, олар биыл 58 жүлделі орынға ие болды — 15 алтын, 13 күміс және 30 қола медаль.

Бүгін аймақ басшысы Қ.Көшербаев өңірдің дарынды оқушылармен  кездесті. Талапты жастармен  аймақтың дамуы туралы сұхбаттасып, балалардың сұрақтарына жауап берді..

«Екінші жыл қатарынан біздің мектеп түлектерінің 97% жоғары оқу орындары мен колледждерге түседі. Енді біз кем дегенде облыстық мектеп бітірушілерінің 50% жоғары оқу орындарына, оның ішінде Қазақстандағы оқу орындары ғана емес, шетелдік университеттерге де оқуға түсуін көздеп отырмыз. Біздің ендігі мақсатымыз – аймақ жастарының Гарвард, Йель және Массачусетс университеттерінде білім алуына жағдай жасау. Сондай-ақ, талантты жастарға кәсіпкерлік, дизайн, коммуникация сияқты салаларда жаңа технологияларды енгізетін және қолданатын Ресейдің «Кванториум», «Сириус» секілді ірі орталықтардың тәжірибесін меңгерту»,-деді аймақ басшысы.

Осы мақсатта қызылордалық оқушыларды «Болашақ» бағдарламасының түлектері құрған елордалық «Astana Garden School» жеке меншік мектебінде оқытуды ұйымдастыру және Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында оқушыларды шет мемлекеттегі іргелі университтерге түсуге дайындайтын арнайы орталық ашу жоспарлануда. Бұл тәжірибе 2016 жылдан бастап Елордада жүзеге асырылуда.

Түрлі бағыттағы жетістіктері үшін дарынды түлектерге «Сыр дарыны» медальдары, облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтар табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Ресейдің жетекші инженерлік ЖОО-на РФ үкіметінің гранты есебінен сыр бойылық 500-ге жуық түлек оқуға қабылданды. Алғашқы 32 түлек оқуын аяқтап, 2018 жылы елге оралды. Олар қазіргі таңда аймақ кәсіпорындарында жұмыс істеп жатыр. Ал 42 түлек оқуын магистратурада жалғастырды. Биыл тағы 123 түлек оқуын тәмамдайды деп күтілуде. 2018 жылы Мәскеу және Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына 58 қызылордалық жас оқуға түсті.

Биыл 5754 түлектің 4143 ҰБТ тапсырады. Оның ішінде 412 түлек — «Алтын белгіге», 270 оқушы — ерекше аттестатқа үміткер.