Қызылордада фронт – кеңсе  ашылды

0
100

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында – «Барлығы автоматтандырылып, тетіктер арқылы басқаратын кезең де келіп жетті» – деген болатын. «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясындағы мұндай қадамдар заман талабы.

Цифрландыру үрдісі Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі ЗК-169/1 мекемесінде де өз дәрежесінде іске асырылуда. ЗК-169/1 мекемесінде қылмыс жасады деген күдікпен сот шешімімен қамауға алынған азаматтар, қылмыстық ісі сотқа берілген, сот үкімінің заңды күшіне енуін күтіп отырған және тағы басқа қоғамнан уақытша оқшаулауды қажет ететін тұлғалар қамауда ұсталады.

Ішкі істер органдарын жаңғыртуға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында мекемеде сотталушылармен кездесу және адвокат пен қорғалушыға арналған тергеу изоляторында аудио, бейне құралдарын қолдануға жол бермеу үшін фронт- кеңсе ашылды. Фронт- кеңседе металлға қарсы детектор, адамдарды және қол жүгін тексеруге арналған рентген құрылғысы, мекеменің кезекші бөлімінен көрініп тұратын 4 бейнебақылау камерасы, шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік және ішкі телефон байланысы  бар. Бұрын сотталушының туыстары мен адвокаттары мекеме алдында сағаттар бойы күтіп тұратын.

Арнайы контингенттерге кездесуге келген туыстарының кезекте тұруын реттеуге арналған электронды кезек жүйесі қондырылды. Мекемеге келген азаматтарды қабылдау орны және бақылау пунктынан өткізу электронды тіркеу түрінде жүзеге асырылуда.

Бұрын барлық заттарды мекеме қызметкерлері қолдап тексерген болса, қазіргі уақытта құрылғы арқылы сырттан келген барлық заттар сканерлеп өткізілуде. Бұл да мекеме жұмысының тиімділігін, қоғам қауіпсіздігін еселеп арттырды.

Мекеме бастығы Алмат Тасқараев атап өткендей, бұл жұмыстың басты мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсету, азаматтарды  қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД