Қызылорда облысында ауруханаға емделуге барған 22 жастағы қыз көз жұмды — новости Казахстана
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында өз еркімен ауруханаға барған 22 жастағы бойжеткен көз жұмды. Нұркерім Тұрманованың өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр деп хабарлайды 31 арна.
«Жансақтау бөліміне жатқызады. Екі күннен кейін мен жоқпын» деді маған. Мен қызымның сөзіне сенбедім. Шынымен жансақтау бөліміне жатқызды. Екі күннен кейін қызым қайтыс болды. Менің облыстық ауруханаға кінәм жоқ. Тек Жаңақорғандағы дәрігерлер кінәлі», — дейді марқұмның әкесі Қали Тұрманов.
Ауруханада жатқанына 10 күн болғанда Нұркерімнің аяқ-қолы істемей қалған. Ал 12-ші күні бойжеткен қайтыс болыпты.
Дәрігерлер де Нұркерім Тұрманованың ауруханаға түскен жағдайын екі түрлі айтуда.
«Орташа деңгейде давлениесі тұрақты. Температура тұрақты», — дейді Жаңақорған аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Зәуреш Тілепбаева.
Ал Қызылорда облыстық медициналық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Алмас Әбілпаттаның айтуынша, бойжеткен ауыр жағдаймен түскен.
«Науқастың түскен кездегі жағдайы ауыр. Науқас аяқ-қолын көтере алмайды. Көзінің көрмеуіне шағымданады», — дейді Алмас Әбілпатта.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қыздарының өліміне дәрігерлерді кіналаған ата-ана құзырлы органдарға жүгінбекші.
Дереккөз: kaz.nur.kz