Қызметін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасына тұрғын үй төлемі төленбек

0
57
Сурет: https://zhaikpress.kz/

Сенат депутаттары қызметтік міндетін атқару кезінде мертіккен немесе қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй төлемдерін төлеуді жалғастыруды ұсынды. Жоғары палата заң жобасына тиісті тСуретүзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін, 4 наурызда сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің кейбір санаттарын баспанамен қамтудың жаңа жүйесіне көшуді көздейді.

«Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін ай сайынғы төлем төленеді. Алайда ол баспананы өз меншігіне өткізуге мүмкіндік бермейді. Осы заң жобасы қабылданса, бұл ақшаны баспана арендасын төлеуге де, қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар аясында тұрғын үйді сатып алуға да жұмсауға болады», – деді сенат депутаты Сергей Ершов.

Алайда, оның айтуынша, заң жобасында ішкі істер органдары қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, мертіксе немесе қаза тапқан жағдайда, тұрғын үй төлемдерін төлеу мәселесі реттелмеген.

«Бұл олқылық теріс әлеуметтік салдарға әкеп соғады. Мұндай қызметкерлердің отбасы мүшелері ипотекалық кредит бойынша міндеттерін орындау мүмкіндігінен айырылып, әлеуметтік жағынан қорғалмайды», – деді депутат.

Осыған байланысты сенаторлар қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, жұмыстан шығып қалған немесе қызмет барысында қаза тапқан ішкі істер қызметкерлерінің отбасыларына бұрын тағайындалған тұрғын үй төлемдерін сақтауды ұсынды.

Парламенттің жоғары палатасы енгізілген түзетулерді қабылдап, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды.