Мемлекет кредит алған қазақстандықтарға көмектеспек

0
4577

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы кредиттердің шекті мөлшерлемесін реттеу және қарызға батқан адамдарды оңалту шаралары қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Адамның кредиттік тарихы бұзылмайды

Ұйым басшысының бірінші орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, бүгінде кредитті уақытында төлемеген, бірақ қарызын жапқан жеке тұлғаларды оңалту тетіктері талқыланып жатыр. Алдымен ондай адамдардың кредиттік тарихын түзету көзделген. Сонда қайта кредит алғанда қиындық болмайды.

«Біріншіден, кредиттік тарихты сақтау мерзімін қазіргі 10 жылдан төмендету қарастырылып отыр. Ол үшін кредиттік бюро туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Осының арқасында, айталық, 5-7 жыл бұрын қарызын толығымен жапқан жеке тұлғалар жағымсыз кредиттік тарихтан құтыла алады. Ал жаңа кредитке өтініш берген кезде теріс ақпарат шықпайды», – деді Кушнарева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында. 

Бұдан бөлек, кредит алған жеке тұлғаларды оңалтудың қосымша тетіктері қаралып жатыр. Мысалы, адам мерзімі өтіп кеткен қарызды төлеп, бір жылдың ішінде ай сайынғы төлемдерді уақытында жасаса, ол кісіге «оңалған» деген мәртебе беріледі. Бұның барлығы кредиттік тарихта көрсетіледі және жаңа кредит рәсімделгенде ескеріледі.

«Екіншіден, мерзімі өтіп кеткен қарызы бар адам банкке оңалту процедурасын өткізуге өтініш бере алады. Сол кезде банк алдымен оңалтуды өткізу мүмкіндігін қарастырып, бір немесе бірнеше төлемді кейінге шегеру мәселесін қарастырады. Қарыз алушы жаңа шарттармен берешегін төлей алса, қарызды төлеу кестесі де өзгертіледі. Оңалту жоспары да бекітіледі. Сөйтіп, жаңа кесте бойынша төлемдер уақытында жасалған жағдайда кредиттік тарихта оның оңалғанғаны туралы жазба енгізіледі», – деп атап көрсетті Кушнарева. 

Осылайша, бас кезінде кредитті уақытында төлеген, бірақ артынан белгілі бір себептерге байланысты төлем мерзімін өткізіп алған адамдарға қарызын жаңа кестемен жабуға мүмкіндік беріледі. Кредиттік тарихы да бұзылмайды.

Шекті мөлшерлеме реттелсе, кредит проценті азая ма

Ирина Кушнарева кредиттің шекті мөлшерлемесін реттеу мәселесін де түсіндіріп берді. Оның айтуынша, осы өзгеріс сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесіне қатысты болып тұр. Осыған орай, ұлттық банктің бірқатар құжатына түзету енгізіледі. Жаңа талап банктерге ғана емес, микроқаржы ұйымдарына да таралады. Олардың ішінде кредиттік серіктестіктер, онлайн кредит беретін ұйымдар мен ломбардтар бар.

«Кредиттің түріне қарай әртүрлі шекті мөлшерлеме қолданылуы негізгі жаңашылдық болып тұр. Мысалы, банктерде кепілдігі жоқ кредиттер мен кепілдігі бар және ипотекалық тұрғын үй қарыздарының екі жоғары мөлшерлемелері бір-біріне ұқсамайды. Микрокредиттер де солай. Осылайша, қауіп-қатерге қарай шекті мөлшерлеме де бекітіледі», – деп атап көрсетті Кушнарева.

Оның сөзіне қарағанда, кредит алатын адамдар үшін көп нәрсе өзгермейді. Себебі қазірдің өзінде сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі бекітілген көрсеткіштен төмен болып тұр.

«Иә, қарыз алушылар үшін елеулі өзгеріс болмайды. Өйткені қазіргі нарықтық сыйақы мөлшерлемелері бекітілген шектен төмен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы өзгерістерді реттеу жүйесін жетілдіру үшін, сондай-ақ, банктерден, әсіресе, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған адамдардың құқығын барынша қорғау мақсатында енгізген болатын», – деп атап көрсетті Кушнарева.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдағанда биылғы жылдың жоспары жайында айтылды. Атап айтқанда, қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту, кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу және проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейту тетіктері енгізіледі. Қаржыгер мамандар да осы мәселеге қатысты өз ойын айтқан.