Қытай 140 адамның белгісіз вирус жұқтырғанын хабарлады

0
42

Қытай қалаларында белгісіз вирус тарап жатыр, жексенбі күні 139 адам жұқтырғаны мәлім болды деп хабарлайды Қытай билігі. Пневмонияға ұқсас дертке шалдықтыратын вирустың қайдан шығып жатқаны белгісіз. 2002 жылы осыған ұқсас вирустан Қытай мен Гонконгте 600-ден астам адам өлген.

Қытайдың орталығындағы Ухань қаласының сыртында үш адамның вирус жұқтырғаны анықталған.

Пекинде құрылған денсаулық сақтау бойынша ұлттық комиссия қаңтардың 25-іне басталатын Қытай жаңа жылын мерекелеу кезінде сақтық шараларын қатаң жүзеге асыруға шақырды. Комиссия әзірге жағдайдың бақылауды тұрғанын мәлімдеді. Зерттеушілер вирусты анықтауға кіріскен. Дерт белгілері негізінен өткен айдың соңында Ухань қаласының шетіндегі азық-түлік базарын аралағандар мен сонда жұмыс істейтіндерден байқалған.

Вирустың қандай жолмен жұғатыны әзірге анықталмаған. Сарапшылардың сөзінше, вирус адамға жануарлардан жұғуы мүмкін, адамнан адамға жұғу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. 19 қаңтарға дейін Ухань қаласында 198 адам ауырып, үш адам өлген. Тайландта бір, Жапонияда бір адамның вирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарады.

Ұлыбритания сарапшыларының айтуынша, вирус жұқтырғандар ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін.

18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджлес және Нью-Йорк қалаларының әуежайлары Қытай орталығынан келетін әуе ресйтерінің жолаушыларын тексеруді бастады.

Azattyq