Қырғызстан парламенті Текебаевқа рақымшылық жасауды қолдады

0
92

Қырғызстан парламентіндегі барлық алты фракцияның жетекшілері экс-президент Роза Отунбаеваның президент Сооронбай Жээнбековтен қамаудағы саясаткер Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасауды сұраған өтініш қолдады. Бұл жөнінде «Ата Мекен» фракциясының жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов хабарлады.

Енді өтініш хат президент Сооронбай Жээнбековке жіберіледі.

25 желтоқсанда Роза Отунбаева президент Сооронбай Жээнбековтен парламенттің экс-депутаты Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасауды өтінген. Ол парламенттегі фракция жетекшілерін өзінің бастамасын қолдауға шақырған.

Отунбаева өтінішінде «Кешірім мен рақымшылық жасаудың ортақ принциптері туралы» заңда рақымшылық жасау үшін сотталушы кінәсін мойындап, ісіне өкінуі тиіс деген шарт жоғын айтады. Оның сөзінше, заңда президент сотталушыға оның өз өтінішімен ғана рақымшылық жасай алады деген ереже де жоқ.

Бұған дейін Сооронбай Жээнбеков Омурбек Текебаевты қамаудан босату ісіне араласа алмайтынын, дегенмен, сотталушының өзі өтініш білдірсе заң бойынша рақымшылық жасауға болатынын мәлімдеген. Бірақ Текебаев кешірім сұрамайтынын білдірген.

«Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотонов 2017 жылдың ақпан айында Ресей кәсіпкері Леонид Маевскийден миллион доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған.

Былтыр 21 қарашада Қырғызстан жоғарғы сот екі саясаткерді күшейтілген режимде 8 жылға соттау туралы аудандық сот шешімін күшінде қалдырған. Сотталушылар өздеріне қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

Дереккөз: Азаттық