Қырғызстан экс-премьері Сапар Исаковқа жаңа айып тағылды

0

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа мемлекеттік музейлерді қайта жөндеу бағдарламасын тергеу аясында жаңа айып тағылды.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәліметі бойынша, Исаковқа бұл іске қатысты «ауыр салдарға әкеліп соқтырған ксыбайлас жемқорлық» айыбы тағылған.

Мәліметке сәйкес, 2016 жылы Қырғызстан үкіметі мен Түркияның үйлестіру және ынтымақтасу жөніндегі агенттігі арасында музейлерді қайта жөндеуден өткізу жөніндегі келісімге қол қойылған. Бірақ Түркия жағы «келісімге жоғары лауазымды тұлғалар килігіп жатыр» деп жұмысты атқарудан бас тартқан. «Келісімге килікті» деген шенеуніктер арасында сол кезде Қырғызстанның президент аппаратын басқарған Сапар Исаковтың да аты-жөні болған.

Осы аптада арнайы қызмет Бішкек қаласындағы жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау ісі бойынша тергеуді аяқтағанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша мемлекетке 111,2 миллион доллар шығын келгені айтылады.

2018 жылдың 5 маусымында Исаков Бішкек қаласындағы ЖЭС-ті модернизациялау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Оған «президент аппараты жетекшісінің орынбасары болып тұрғанда, шетелдік компанияның мүддесін қорғады» деген айып тағылған.

Исаков болса өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзіне қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

Дереккөз: Азаттық