Құрғақшылық Жамбыл облысына да жетті: Мал жаппай қырылып жатыр

0
321

Осыдан бір ай бұрын Маңғыстауда халық жем-шөп таппай малы қырылып еді. Енді Жамбылдық шаруаларға мал азығын жинау мұңға айналып отыр. Себебі биыл өңірде жаңбыр жаумай шөп жылдағыдай шықпай қалған. Шаруалар әбігерге түсіп, не істерін белмей жүр, деп хабарлайдыAlmaty.tv.

Биыл Жамбылда жауын шашын мөлшері аз болғандай, Шу өзенінің көлемі де кеміп кеткен. Салдары тіпті шөбі шүйгін деп саналатын Мойынқұм ауданына да қуаңшылық жайлаған. Жылда маялап шөп алып, мыңғырта мал жаятын мына Тұлпарсаз жайлауының сыйқы сүреңсіз. Шаңы шығып, шөбін қуаңшылық қуратқан. Амалы таусылған шаруалар шөпті ауыл маңынан емес 150 шақырым жерден тасуға мәжбүр.

«Биыл жаңбыр болған жоқ. Жел болды. Жердің бәрі кеуіп кетті. Шөп жоқ. Шөпті жайылма Мойынқұм жақта жайылма жерлер бар. Солардан қалғандарын орамыз. Шөп іздеп жатыр. Жан-жақтан алып жатыр», ‒ деді шаруа Бағдатбек Асқаров.

«Дизель отынының бағасы 200 теңгеден кем емес. Жұмысшылардың айлығын да беру керек. Қазір 200 мыңнан төмен айлыққа ешкім жұмыс істемейді. Барлығы келген кезде сол шөптің үстіне келіп қосамыз», ‒ деді шаруа Шәймерден Исабеков.

Мойынқұм ауданы бойынша 24 мың гектар шабындық жер болса, оның жартысы қуаңшылықтан құрып кеткен. Енді амалсыз жұрт жайылым жердегі бар шөпті жиып алып жатыр. 210 мың бас малы бар ауданға қыстық шөптің 132 мың тоннасын әзірлеу керек. Биыл бұл меже орындалмайтын түрі бар. Ал, жергілікті билік болса мәселені шешудің жолы бар шөпті сыртқа шығармай өзімізге жинау дейді.

«Бірінші өзіміздің тұрғындарменен шаруақожалығын қамтамасыз ету керек. Артылғанын сату қажет. Сондай қаулы қабылдап сондай тапсырма берілді. Соған комиссия құрылды қаулы бойынша. Біз комиссиямен шығамыз қанша шөбіміз бар, қаншасы артылады деген мәселемен жұмыс істейміз», ‒ деді Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қызыр Елеусізов.

Аудан билігі осылайша өз шаруаларымызды жарылқасақ жеткілікті деген пікірде. Салдарынан, жай кезде жеріне түк шықпайтын Талас, Сарысу секілді аудандар қиналғалы тұр. Ол жақтағы шаруалар мал азығын амалсыз көрші Түркістан мен Қарағанды облыстарынан еселеген бағамен сатып алмақ. Жалпы облыстың мал азығына деген қажеттілігі 1 миллион 712 мың тонна. Бүгінгі күнге дейін оның 350 мың тоннасы ғана әзірленген.