Қорықшы қазасы, киік аулау және заңсыз аңшылық

0

Қарағанды облысында заңсыз киік аулаушылардың қолынан мерт болған инспектордың қазасы Қазақстан қоғамында қызу талқыланды. Пікірталас барысында жануарлар дүниесін қорғау мәселесі, қорықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, полицияның кәсібилігі туралы көп айтылды.

Қаңтардың 13-і күні Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен әріптестері шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан.

Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев қаңтардың 14-і күні Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев қаңтардың 15-інде қайтыс болған.

Бұл оқиғаға байланысты журналистер сауалына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «браконьерлердің екі көлікпен» жүргенін, «қылмысты бір көліктегі үш адам жасағанын» айтқан. Оның сөзінше, полиция қылмысқа күдіктілерді екінші көліктегі адамдар арқылы анықтаған. Министр «Жаралы қорықшыны ауруханаға жедел жеткізуге не себепті тікұшақ жіберілмеді?» деген сауалға «14 қаңтарда түске дейін ауа-райы ұшуға қолайсыз болды» деп жауап берген.

Қаңтардың 21-і күні ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген үш адамның Қызылордада ұсталғанын хабарлады.

Азаттық Қазақстандағы жануарлар дүниесінің қорғалуы, хайуанаттарды қорғауға тиісті қорықшы-инспекторлардың қауіпсіздігі, заңсыз аңшылық пен оған қолданылатын жаза және өзге мәселелерді тікелей эфирде талқылады. Хабарға «Охотзоопром» «Охотзоопром» мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының бас аңшылықтанушысы Мұхит Ақоев пен журналист, аңшы Ерік Рахым қатысты.

Дереккөз: Азаттық