Қазақстанда бірқатар диспансерлердің анықтамасын Telegram арқылы тегін алуға болады. Жаңалықтарға шолу

0

Қазақстан әлемдегі үздік елдер тізімінде 68 орында

Американың US News журналы әлемнің 80 елі арасында жүргізген рейтинг нәтижесі осындай. Еліміз бір жылдың ішінде екі саты жоғарылап, биыл Болгария мен Гана елінің ортасына жайғасыпты. Журналда жазылған пікірлердің арасында Қазақстанда бірқатар проблемалардың бар екендігі жазылған. Оның ішінде ұлттық бірегейлік, экономиканы әртараптандыру, улы заттарды көму туралы мәселелері келтірілген. Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанды сөз бостандығын шектейді деп айыптайды.

Балаларға арналған спорттық секциялардың қайсысы тиімді?

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы С.Жарасбаев ата-аналарға балаларын қысқы спорт түрлеріне баулуға кеңес береді. «Шаңғы жарысы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру сияқты спорт түрлерімен айналысуға үлкен мүмкіндік бар. Өйткені елімізде оларға арналған бірқатар ғимараттар салынды» , – дейді ол.

Наркологиялық, психоневрологиялық және туберкулез диспансерлерінің анықтамасын Telegram арқылы алуға болады

Ол үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни өз телефон нөмірін eGov.kz порталының Жеке кабинетінде тіркеп, өзіңіздің гаджетіңізде, Telegram мессенджердегі ботты іске қосу қажет (@EgovKzBot деп іздеу керек). Анықтамалар тегін беріледі.

Алматы облысында әскери қызметкер өзін-өзі атып өлтірді

Оқиға Ұзынағаштағы әскери бөлімде 23 қаңтарда түнгі сағат 01.35-тер шамасында болған. Ішкі қарауылда тұрған қатардағы жауынгер Ұласбек Қожан Кенжебекұлы өз атына бекітілген қарумен өзінің басынан атады. Алған жарақаты салдарынан көз жұмған.

Ол әскери бөлімге 2018 жылдың маусымында Астана қалалық қорғаныс істері департаменті арқылы шақырылған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қызметтік тексеру басталып, тергеу амалдары тағайындалған.

Қағазсыз жұмыс кезекті екі есеге азайтты

Денсаулық сақтау министрлігі осындай мәлімдеме жасады. Медициналық мекемелердің электронды форматқа көшуі дәрігерлер мен емделушілердің уақытын едәуір үнемдейді. Қазір еліміздегі барлық медициналық ұйымның жұмысын электронды форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл өзгерістің арқасында медициналық ұйымдар жылына 3200 тонна қағазды үнемдейді.

Елордалық дәрігерлер ұялы телефондардан бөлінетін электромагниттік сәулелерді өлшеп көрді

Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті байланыс құралдарының бірнеше үлгісін зерттеген. 3 түрлі байланыс жиілігінде өлшеген: қоңырау қабылдау мен қоңырау шалу және сөйлесу кезінде. Электромагнитті сәуле зиянды саналады және оның ұялы телефондарға арналған нормативтері бар. Мысалы, 37 см қашықтықта мобилді құрылғылар 3 мкВт/см көп емес сәуле шығаруы керек.

Зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, департамент мамандары арзан немесе қатты қымбат емес мобильді құрылғыларды, әсіресе батырмалары бар телефондарды құлаққа жиі және ұзақ уақыт ұстап тұрмауға кеңес береді. Олардың иелеріне динамика арқылы сөйлесу керек дейді мамандар.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: 2018 жылы 343 мың қазақстандық шетелде демалды. Өткен туристік маусымда қазақстандықтардың көбі Түркияға демалуға барды.(148 мың адам). Екінші орында Египет (104 мың адам). Үшінші орында Біріккен Араб Әмірлігі (33,5 мың қазақстандық). Төртінші сатыны Қытай мен Таиланд өзара бөлісіп отыр (18 мың туристен). Бесінші орында Вьетнам (4,5 мың), алтыншы орында Үндістан (2,7 мың), сосын Чехия (2,4 мың), сегізінші орында Доминикана (2,1 мың), тоғызыншы орында Греция (2 мың) және ондықты Грузия аяқтады (1,4 мың адам).

Inform.kz: Астанада көмек шақыруға арналған 101, 102, 103 қызметі бір нөмірге біріктірілмек. Осы нөмірлерді алдағы уақытта Астана және барлық елді мекендерді 112 нөміріне біріктіру жоспарланып отыр. Мерзім бойынша осы жылдың екінші тоқсанында іске асырылады. Әртүрлі апатты жағдайда да осы қызметтердің бәрі үйлестіріліп, барлық қызмет бір нөмір арқылы көрсетілетін болады.

Дереккөз: https://informburo.kz