Қазақтар Өзбекстанға барып кино түсіре ме?

0

Киноорталық пен «Өзбеккино»
ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

29 қыркүйек, XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалінің аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері «Өзбеккино» Өзбекстан Республикасының кинематография агенттігінде жұмыс істейтін әріптестерімен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша ҰКҚМО Бас продюсері Адай Әбелдинов пен «Өзбеккино» Бас директоры Фирдавс Абдухаликов Кино индустриясы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Өзбекстан кинематографиясы үшін бұл ерекше жоба. Біз бірлескен ынтымақтастық құру туралы келіссөздер жүргізіп, нәтижеге қол жеткіздік. Мен қазақстандық тарапқа осындай жылдам әрекет еткені үшін ризашылығымды білдіремін. Енді бұл құжат жаңа үлкен ынтымақтастықты бастауға мүмкіндік береді. Бұл фестиваль алаңы да біздің күш-жігерімізді біріктіру үшін қызмет етуде», — деп атап өтті «Өзбеккино» Бас директоры.

Меморандум екі елдің қолданыстағы заңнамасының негізінде әзірленген және оған сәйкес тараптар кино индустриясы, ғылыми, ғылыми-өндірістік қызмет, сондай-ақ кадрлар даярлау мен бірлескен киножобалар шығару саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге ұмтылады.

«Осы меморандумға қол қойылғаннан кейін біздің кинематография саласындағы өзара қарым-қатынастарымыздың жаңа деңгейге шығатынына және онымен тоқтап қалмайтындығына сенімдімін. Ташкент фестивалінде біз тарихи оқиғаның – С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының филиалының құрылуының куәсі болдық. Біздің жас кинорежиссерлер осы оқу орнының түлектері атанады деп сенемін», — деп қосты Адай Әбелдинов.

Естеріңізге сала кетейік, XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалі Өзбекстан астанасында 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді. Қазақстандық делегация мүшелері фестивальде өздерінің картиналарын ұсынады, сондай-ақ шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өткізеді.