Мүфтияттан «мәу» деген жауап келмеуі — қатесін мойындағаны емес пе?

0

Kznews.kz ақпараттық порталында соңғы бір ай ішінде Қазақстандағы Діни басқарма мен оның айналасындағы мәселелерге байланысты бірнеше мақала жарық көрді. Жарық көріп қана қоймады, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бүгінге дейін біздің порталда жарияланған бұл мақалаларға әлеуметтік желілерде әлі де пікір жазушылар аз емес.

Алайда қоғам тарапынан мұнша пікірталас тудырған мақалаларға тиісті мекеме тарапынан мардымды жауап берілмегені қалай? Қазақстан Діни басқармасы анау-мынау, майда-шүйде бір басқарма емес. Тұтас Қазақ еліндегі діни мәселенің бәріне жауапты білдей мекеме. Өкінішке қарай, бұл білдей басқармадан бүгінге дейін жазылған осынша мақалаға салмақты, дәлелді жауаптың берілмеуі қоғамдағы дінге, дін өкілдеріне қатысты адамдарына деген күдікті қоюлата түскендей.  Мәселен, «Мүфтияттағы трайбализмде»   «Мүфтияттың қазіргі кадр саясаты  дін саласында бұрыннан басым позицияда болған Ұлы жүз өкілдерінің Наурызбай Өтпеновке және оның руластарына деген жағымсыз көзқарасы күн санап үстемелеп келеді.  Қазір мүфтият ішінде трайбалистік интрига ушығып тұр.

Бұл ру түгілі ұлтқа бөлмейтін, барлық  мұсылманды тең санайтын ислам принципіне қарама қайшы» деп жазды мақала авторы Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ. Өкінішке қарай, «шайнап бергенді жұта алмау» секілді, қолға ұстатып, шұқып көрсеткен бұл деректер Діни басқарманы селт еткізгенімен, өкінішке қарай салмақты, дәлелді жауаппен жұрт көкейіндегі күдікті сейілте алмағандай. Діни басқарма тарапынан берілген жауап керісінше, бұл қалай деген сұрақтың санын арттырып жіберген жоқ па?

Ал «Бас мүфти Құранды қате оқиды» деген материалдағы келтірілген деректер Діни басқарма тарапынан тіпті назарға да алынбаған сыңайлы. Дәйекті деректермен қатар видеосы да қатар ұсынылған бұл мақалада егер Құраннан хабары бар адам жіті қараса, біраз олқылықтың орнын да көрер еді. Өкнішке қарай, «Мен Құранды қате оқымаймын» деген сыңайдағы жауап хатты бас мүфти тарапынан бүгінге дейін көре алмадық.

«Біздегі имам, молдалардың дипломдары қаншалықты заңды» деп аталатын мақала да біздің ақпараттық порталда жарияланғаны мәлім. «Мен хабашит емеспін» деген Ершат Оңғардың материалын жарияладық. Алайда оқырмандар тарапынан бұл жауап хат аса көп оқыла қоймады. Неге? Себебін анықтай алмадық.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Десек те, елімізде діни мәселенің өзекті бір проблемаға айналғанын ешкім жоққа шығара алмас. Ал бұл саладағы проблемалардың шығу төркіні осы мәселелерге жауапты басқарма тарапынан жол беріліп отырған қателіктерден емес пе? Діни саламыз да «балық басынан шіридінің» кебін киіп отырған жоқ па? Санада қалған сан сұрақтарға Діни басқарма тарапынан сенімді, нақты ресми жауап болады деген үмітімізді әлі де жоғалтпадық.

Асыл БАЛАБИ, Kznews.kz ақпараттық порталы.