Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының магистранттары Нью-Йорктегі пікір сайысқа қатысты

0

Пікір сайыс Нью-Йорктегі БҰҰ-ның ҚР Тұрақты өкілдігі Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты және «БҰҰ Моделі — Жаңа жібек жолы» жастар ұйымымен бірлесе ұйымдастырды.

«Дөңгелек үстелдің» күн тәртібінде «Корей түбегіндегі жағдай», «Сирия бойынша Астана процесінің контекстіндегі сирия дағдарысын реттеу мәселесі» және «Ауғанстандағы ахуалдың дамуы» атты маңызды мәселелер талқыланды. Бірқатар магистранттар сарапшылар ретінде баяндамаларын оқып, көрсетілген тақырыптар бойынша басқа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Пікірталас барысында қазақстандық ЖОО студенттері қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың көптеген күрделі дағдарыстары бойынша пікір алмасып, осы мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Пікір алмасуды бастаған Қазақстан Республикасының БҰҰ жаныңдағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты басты органындағы еліміздің негізгі жетістіктері мен Қауіпсіздік Кеңесінде қызметтің ерекшеліктері туралы айтып берді. Ол БҰҰ ҚК-де болған екі жыл мерзімінде Қазақстан делегациясының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әртүрлі деңгейдегі 1000-нан астам отырыстарына қатысқанын атап өтті.

«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметі барысындағы жетістіктері негізінен Мемлекет басшысының соғысқа қарсы, антиядролық және антитеррористік салаларында кеңінен танымал, маңызды бастамаларының арқасында мүмкін болды. Біз өзіміздің қазіргі замандағы көптеген өзекті мәселелері бойынша қағидатты және теңдестірілген ұстанымыз үшін Кеңес мүшелерінің жоғары бағаларына лайық және халықаралық аренада еліміздің беделін нығайта алдық», — деп атап өтті Қ. Омаров.

Тұрақты өкіл қазақстандық студенттермен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі екіжылдық жұмыс бойынша өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті. Елші БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің соңғы жеті жылдағы Ауғанстанға тұңғыш рет баруы, БҰҰ ҚК бірнеше санкциялық комитеттерінің төрағасы ретіндегі қызметінің ерекшелігі, әлемдік ірі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарындағы сенімнің жетіспеушілігі және шиеленісудің ұлғайуы кезеңінде Қазақстанның ұстанымының қалыптасуы, сондай-ақ еліміздің әлемдегі күрделі мәселелердің шешілінуіне бағытталған тәсілдемелері туралы толық әңгімелеп берді.

БҰҰ үлгісі бойынша өткен пікірталастарда Колумбия университеті жанындағы MDP Global Classroom Жер Институтының директоры, профессор Рафис Абазов және БҰҰ Хатшылығының Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Мэтью Пампин де қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия мен саясаттану, журналистика, құқық факультеттерінің және Экономика мен бизнес жоғарғы мектебінің магистранттары Колумбия университетінің жанындағы Жер институтымен алмасу бағдарламасы шеңберінде Нью-Йорк қаласына келген.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының магистранттары Академияның ҚР Сыртқы істер министрлігімен ынтымақтастығы шеңберінде ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде тағылымдамадан өтуде.

Дереккөз: http://egemen.kz/