Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері мезгілсіз қаза болды

0

Қазақстанның футболдан әйелдер құрамасының бас бапкері Нүркенова Разия Төлеуқызы 52 жасқа қараған шағында мезгілсіз қаза болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтында хабарлады.

«Спорт мамандары мен жанкүйерлердің ортасында Разия Нүркенова еліміздің тәуелсіз тарихындағы Қазақстан құрамасының алғашқы шабуылшысы ретінде кең танымал.

Рәзия Төлеуқызы қарағандылық «Олимп» әйелдер футбол клубында спорт мансабын бастап, 1987-1991 жылдардың аралығында ойнады.

Жоғары беделі, мінсіз шеберлігі, ақкөңілділігі және сыпайылығы жоғары Рәзия Нүркенова тұрақты түрде команданың капитаны болып сайланып отырды.

1992 жылы Рәзия Нүркенова Ресейдің Самара қаласының ЦСКА ВКС футбол клубынан шақырту алады. 2001 жылға дейін шабуылдаушы жартылай қорғаушы болып ойнады.

Разия Төлеуқызы Қазақ КСР, КСРО, ТМД, Қазақстан және Ресей құрамаларына да шақырылған.

Ойнау мансабын аяқталған соң футбол төрешісі, кейін бапкерлік қызметпен айналысты.

Футболдан ҚР және РФ спорт шебері.

Ресейдің үш дүркін чемпионы: 1993, 1994, 1996

Ресей кубогының иегері: 1994

Достастық кубогының иегері: 1996

Қазақстан футбол федерациясының ұжымы Рәзия Төлеуқызы Нүркенованың өмірден мезгілсіз өтуіне байланысты қатты қайғырып, марқұмның отбасына, туыстары мен жақындарына көңіл айтады», — делінген хабарламада.

vesti.kz