Қазақстандық құқық қорғаушы Байқоңыр мэрімен соттасып жүр

0

Құқық қорғаушы Марат Дәулетбаев Байқоңырда Қазақстан азаматтарына кемсітушілік жасалатынын, коммуналдық қызмет тарифі тым жоғары екенін, ал қала мэрі Константин Бусыгин орталық қонақ үйде қалалық бюждет есебінен тұрып жатқанын айтқан.

Осыдан кейін Байқоңыр мэрі Дәулетбаевты сотқа берді. Сот наурыздың 29-ы күні құқық қорғаушыны Қазақстан қылмыстық кодексінің 130-бабы 2-бөлігі («Көпшiлiк алдында БАҚ немесе әлеуметтік желілер арқылы жала жабу, яғни адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн не оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату») бойынша айыпты деп таныды.

ЖЕР ТЕЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ

Дәулетбаев он жылға жуық Ресей жалға алған Байқоңыр аумағындағы қазақстандықтардың құқығын қорғап жүр. Оған қоса қала билігінің жұмысын бақылайды.

– Көбіне Қазақстан азаматтарын коммуналдық қызметке қарыз болғаны үшін пәтерден шығарып жібереді. Себебі Байқоңырдағы тұрғын үйдің бәрі мемлекетке тиесілі, тұрғындарға жалға беріледі. Пәтерге шамамен 30-40 мың теңге төлейді. Қаладағы орташа жалақы – 50-60 мың теңге. Тұрғындар жалақысының 70-80 пайызын пәтерге төлесе, бала-шағасын асырай алмайды. Осылайша біртіндеп қарыз жиналады, — дейді Дәулетбаев.

Марат Дәулетбаев.

Марат Дәулетбаев.

Марат Дәулетбаев қала әкімшілігімен бірінші рет соттасып отырған жоқ. 2017 жылы Байқоңырдың бұрынғы мэрі Анатолий Петренко оны «жала жапты» деп айыптап, сотқа арызданған. Белсенді Петренконы «қала шетіндегі жер телімдерін мақсатсыз үлестірді» деп сынаған еді.

Белсендінің айтуынша, 2016 жылы Петренко қала басшысы болып тұрғанда 26 жер телімін адамдарға үлестіріп берген. Құқық қорғаушы Ресей прокуратурасынан жер үлестірудің негізін сұраған еді. Мекеме ресми жауабында жер телімдері заңға сай үлестірілді деген.

— Сол кезде Ресей президентінің атына шағым түсірдім. Біздің қала Мәскеуге тікелей бағынады. Байқоңыр басшысы 26 емес, елуге жуық жер телімін үлестірген екен. Прокуратура «бәрі заңға сай болды» деп жауап берді. Әкімшілік басшысы мені сотқа берді, «жала жапты» деп айыптады, — дейді ол.

Бұл істе Петренко жеңді, Сот Дәулетбаевты айыпты деп танып, бостандығын шектеді. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында Дәулетбаевқа рақымшылық жасалды. Құқық қорғаушының айтуынша, бұл іс қоғамда үлкен шу тудырды. Бірнеше айдан соң Петренко өз еркімен отставкаға кетті. Ресми түрде ол зейнетке шықты деп хабарланды.

Байқоңыр көшесі. 15 наурыз 2019 жыл.

Байқоңыр көшесі. 15 наурыз 2019 жыл.

​Бұл жолы Дәулетбаевқа қарсы жала жабу айыбы бойынша істі Қазақстан соты қарады. Құқық қорғаушының айтуынша, әкімшілік істі, соның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты істі Байқоңырда ресейлік сот қарайды. Қылмыстық істерді Қазақстан соты жүргізеді.

Ресейдің әкімшілік істі қарау құқығын Дәулетбаев «қысым жасау рычагы» деп санайды. Оның айтуынша, Ресейде әкімшілік іс бойынша жазалау Қазақстанға қарағанда қатал.

«БАСЫБАЙЛЫ ҚҰЛ ЕМЕСПІЗ»

Енді Марат Дәулетбаев Петренконың орнына келген Константин Бусыгинмен соттасып жатыр. Бусыгин бұған дейін Ресейдің мемлекеттік шекарасын реттеу жөніндегі федералдық агенттікті басқарған еді. Құқық қорғаушының айтуынша, Байқоңырда Қазақстан азаматтарының құқығы тапталып жатыр.

— Бізде конститутциялық құқық мәселесі өте өткір тұр. Ресейліктер «Біз Байқоңырды жалға алдық. Қазақстандықтар, Ресей заңына бағыныңдар» дейді. Бірақ Қазақстан азаматтары Ресейге жалға берілген жоқ қой. Тек жер мен жылжымайтын мүлік қана жалға берілді. Азаматтардың өз Конституциясы, өз президенті бар. Біз басыбайлы құл емеспіз, — дейді Дәулетбаев.

Марат Дәулетбаевтың айтуынша, 2018 жылы қалалық билік Байқоңырды күшейтілген, сигнализациясы бар жаңа дуалмен қоршамақ болады. Курскіден мердігер компания тауып, құрылысқа 108 миллион рубль (шамамен 1,67 млн доллар – ред.) бөледі.

Құқық қорғаушы Ресей прокуратурасы мен тергеу комитетіне шағым түсіріп, дуалды Қазақстандағы құрылыс компанияларына салғызса, арзанырақ болатынын айтады. Оның пайымдауынша, «бетон дуалдың жағдайы жақсы болған, жаңасына шығындалмаса да болатын еді».

— Дуал салған соң қала басшысы жолдарды жөндей бастады. Қалада жұмыссыз жүргендер көп болса да, құрылыс ұйымдары жұмысшыларды Ресейден әкелді, соған күйіндім. Оған қоса Сырдария жағасына құны 50 миллион рубль (шамамен 770 мың доллар) болатын демалыс орнын салмақ болды. Ресей президентінің атына хат жаздым, көшірмесін Ақордаға жібердім. Үлкен тергеу жүргізді, бірақ ештеңе таппады, — дейді құқық қорғаушы.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

2019 жылы наурыздың 29-ы күні үкім оқылған отырыста сот «Дәулетбаев Бусыгиннің ар-намысына тиетін, оның Байқоңыр қала әкімшілігі басшысы беделіне кір келтіретін көпе-көрінеу жалған дерек таратты» деді.

Сотта Марат Дәулетбаевтың бұрын істі болғаны, бірақ рақымшылықпен жазадан босатылғаны оны сотталмаған адам деп тануға себеп болатыны айтылды.

Марат Дәулетбаевқа шыққан үкім Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро сарапшысы Андрей Гришинді таң қалдырған.

— Судья оның ісі дұрыс екенін жартылай мойындады, біресе Дәулетбаев Бусыгинді сынады десе, енді бірде жала жапты деді. Дәулетбавтың өтініші мен шағымдары бойынша тексеріс біткен жоқ, сондықтан жала жабу туралы айту әлі ерте. Ол қала мэрлерін жиі сынайды. Ал сынды ресейлік мэр де, қазақстандық әкім де ұнатпайды, бұл жағы айдан анық, — дейді Гришин.

Сот белсендінің бостандығын бір жылға шектеп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жегу туралы шешім шығарған. Оған қоса, сот құқық қорғаушыны Бусыгинге моральдық шығын ретінде 100 мың теңге төлеуге міндеттеді. Дәулетбаев сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Azattyq