Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізілмек

0
655

Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізілетін болады. Бұл жәрдемақы бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға берілмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов қазір бірінші топтағы 66 мың мүгедектің ішінен әрбір үшінші адамға не жәрдемақы берілмейді, не қызмет көрсетілмейді деп шағымданды.

«Бұл топтағы адамдарға комада жатқан адамдары, төсек тартып жатқан мүгедектерді және басқа да бірінші топ мүгедектердің қамқоршылары жатады. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде үнемі сырттан күтімді қажет ететін қосымша 24 мың адам күтіміне байланысты жәрдемақымен қамтылатын болады. Жаңа жәрдемақыны енгізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді еңбек министрлігінің басшысы.

Сондай-ақ, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасының нормаларында балаларды мүгедектік тобы бойынша бөлу қарастырылған.

«Заң жобасында балаларды мүгедектік топтары бойынша 7-ден 16 жасқа дейін бөлу қарастырылған. Бұл оңалту шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалардың ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшері бойынша саралауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге барлық топтағы мүгедек балаларға арналған жәрдемақы мөлшері 16,7% -дан 37% -ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек балаларға қатысты жүзеге асырылады», – деп толықтырды Шапкенов.

Сондай-ақ, жаңа заң жобасы мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда бір уақытта жәрдемақы алу құқығын беруді қарастырады.

Бұл, құжат әзірлеушілерінің пікірінше, асыраушысынан айрылған және мүгедек балалары бар отбасылардағы табыс деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедек балалар алимент пен мүгедектікке байланысты төлемдерді ажырасқан жағдайда бір уақытта ала алады. Ата-анасының біреуі қайтыс болған кезде, бала не асыраушысынан айрылу, не мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады.

«Жәрдемақылардың екі түрін бір уақытта тағайындау ата-анасынан айрылған балаларға қатысты кемсітушілікті жояды. Осы норманы енгізген кезде екі мыңға жуық бала мүгедектігі бойынша төлемдермен тең негізде асыраушысынан айрылу төлемдерін ала алады», – деді еңбек министрі.