Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақының өсетіні белгілі болды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл зейнетақы мен кейбір жәрдемақы түрлері тағы 9 процентке индексацияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет кулуарында журналистер министрден нақты қандай жәрдемақы түрлері индексацияланатынын сұрады.
«Негізінен, бұл зейнетақы мен кейбір жәрдемақылар. Шамамен 9 процентке индексацияланады», – деп жауап берді Қуантыров.
Министр индексация қашан жасалатынын да нақтылады.
«Бюжет нақтыланып, мәжіліс пен сенаттың қарауынан өтеді. Кейін президент «республикалық бюджет туралы» заңға қол қояды. Одан кейін оны іске асыру жайлы қаулы қабылданады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, шамамен маусым-шілде айларында зейнетақы мен жәрдемақы өседі.
Бұған дейін үкімет 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылады. Оған сәйкес, инфляция дәлізі 8-10%-ға дейін көтерілді.
Инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге қосымша 110 миллиард теңге бөлінеді.