Домой Жаңалықтар Қазақстанда миллиондаған гектар пайдаланылмайтын жер қолданысқа беріледі

Қазақстанда миллиондаған гектар пайдаланылмайтын жер қолданысқа беріледі

0
229
31 наурызда Нұр-Сұлтанда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалық етуімен Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беру және негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру мәселелері мәселелері қаралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Отырыс барысында ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев жерді ұтымды әрі тиімді пайдалану жөнінде баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, барлық өңірлерде дерлік жайылым жерлер өте өзекті мәселе болып отыр, алайда 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8,1 млн га пайдаланылмайтын немесе мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды.

Тиісті шаралардан кейін осы көлемнен 3,4 млн га жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастады. 2,1 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде 2,6 млн га жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

Сонымен қатар 2021 жылы ауыл халқына мал жаю үшін жайылым жердің қажеттілігі 21 млн га-дан 14 млн га-ға дейін, оның ішінде ұйымдастырылған шаруашылықтармен меморандумдар жасасу және елді мекендердің шекарасын кеңейту есебінен қысқартылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жұмысты жандандыруды тапсырамын. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Комиссия отырысында қаржы вице-министрі Д.Жаналинов және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С.Жұманғарин экономиканы монополиясыздандыру мәселесі туралы баяндады.

Премьер-Министр Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кейін кезекті отырыстарда қарау үшін негізсіз жекешелендірілген объектілерді қайтару тетіктері бойынша талдау жүргізіп, келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.