Мойындалмаған мемлекеттердің басшылары Ресейдің құрамына кіру туралы шешім қабылдады

0
62
Оңтүстік Осетияның президенті Анатолий Бибилов халыққа жолдауында Ресеймен бірігу – республиканың стратегиялық мақсаты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бибиловтың айтуынша, Ресейге қосылу үшін республикада референдум өткізу қажет. Ол үшін барлық заңды шаралар тез арада қабылданады.

Бибилов Оңтүстік Осетияның Ресейге қосылғаннан кейін Солтүстік Осетиямен бірігуге ниетті екенін айтты.

Кейін Оңтүстік Осетия парламентінің спикері Алан Тадтаев таяу уақытта Цхинвалда Ресейге қосылу туралы референдум өтетінін айтты. Президенттің баспасөз хатшысы Дина Гассиева референдум республикада 10 сәуірде өтетін президент сайлауынан кейін болатынын айтты.

Кремль Оңтүстік Осетияда референдум өткізу идеясына түсініктеме беріп, оны «халықтың пікірін білдіру» деп атады. Алайда әзірге Мәскеу бұл мәселеге қатысты ешқандай шара қолданбаған.

Өз кезегінде Грузия Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Осетияның Ресейге кіруі туралы референдумды қабылдауға болмайтынын мәлімдеді.

«Әрине, Грузия аумағы оккупацияланған жағдайда референдум өткізу туралы айту мүмкін емес. Бұл оккупацияның саяси ғана емес, құқықтық бағасы да бар», — деді Грузия сыртқы істер министрі Давид Залкалалиани.

1922-1990 жылдары Оңтүстік Осетия Грузин КСР құрамындағы автономиялық облыс болды. Қазіргі уақытта республиканың тәуелсіздігін тек Ресей, Венесуэла, Науру, Никарагуа және Сирия ғана мойындап отыр.