Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізілуде — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өте бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

вакцина

Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеуші елдер қатарына қосылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың вакцинасын тіркеуге алып, өзінің ресми сайтындағы клиникаға дейінгі сынауды бастауға рұқсат етілген COVID-19 қарсы вакцина жасаушы үміткерлер тізіліміне қосты.

Инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитеті биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген. Ол Қазақстан аумағында науқастанған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады.

«Бұл қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өзінің жетекші рөлін тағы бір мәрте көрсетті», — делінген жеделхатта. 

Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі сынақ жүргізуі керек. Естеріңізге сала кетсек, бұл институт қазірдің өзінде қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйесін және 30-дан астам биопрепаратты әзірлеп, өндіріске енгізді. Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауына, жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.

stan.kz