Қазақстанда бір ғана Superjet ұшағы бар
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандағы Superjet бизнес ұшағы жекеменшік компанияға тиесілі
НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстанда тек бір ғана Sukhoi Superjet ұшағы бар. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Бізде ресейлік өндірістен шыққан бір ғана Superjet бизнес ұшағы пайдаланылады. Ол жекеменшік компанияға тиесілі. Тұрақты бағыттарда мұндай типті әуе кемесі жоқ», — деді Скляр үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ресейдің көлік министрлігіне көңіл айту жеделхатын жолдаған.
«Бұл авиацияда регламенттің барлық талаптарын бұлжытпай сақтау керек екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Қауіпсіздік – бұл негізгі басымдық», — деді министр.
Сондай-ақ Скляр белгілі бір регламенттерге сәйкес, әрбір ұшақ жеке-жеке тексерілетінін атап өтті. Тексерісті өндіруші зауыт, әуе компаниясының өзі және азаматтық авиация инспекторы жүргізеді екен.
«Қазақстанда нормалар орындалып жатыр, мұны біздің әуе компанияларымызды тексерген ХААҰ комиссиясы да растады», — деді ол.
Мәскеудегі ұшақ апаты
5 мамыр күні кешке Мәскеуден Мурманск қаласына бет алған «Аэрофлот» әуе компаниясының Sukhoi Superjet 100 ұшағы Шереметьево әуежайына шұғыл қонды. Әуеде 28 минут ұшқан ұшақтың тағандары сынып, қозғалтқыштары өртенген.
Тағы оқыңыз: Ұшақтың әуежайда қонған сәтінің видеосы жарияланды
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соңғы деректерге сүйенсек, бортта барлығы 78 адам болған, соның ішінде 41-і көз жұмды.
Мурманск облысында үш күндік аза тұту жарияланды.
sputniknews.kz