Қазақстанда 38 адамнан коронавирусты іздеп жатыр

0

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 54 адам ауруханаға жатқызылған, олардың 16-ының диагнозы расталмады деді 30 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бұл ақпаратты Vlast сайты хабарлады.

«Коронавирусқа байланысты 54 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 16-ысының диагнозы расталған жоқ, олар айығып, ауруханадан шығарылды. Қазіргі кезде стационарлар мен жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханаларда 38 адам жатыр, олар максималды санитарлық бақылау жағдайында» деді Елжан Біртанов.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин 29 қаңтарда Қытайдан Қазақстанға келген 35 адамның ауруханаға жатқызылғанын айтқан еді. Олардың 27-сіне тұмау диагнозы қойылған. Ал сегіз адамның анализінің нәтижесі жақын күндері шығуы тиіс.

Қытай билігі елде коронавирус жұқтырғандар саны 7700-ден асқанын, 170 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Қазақстан көрші елдегі жағдайға байланысты автобус, теміржол және ұшақ рейстерін уақытша тоқтатып, Қытай азаматтарына виза беруге шектеу қойды.

Оқи отырыңыз: Қытайдағы вирус бой бермей тұр. Қазақстан сақтық шараларын күшейтті

Вирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.​

Azattyq