Тарихшы қазақ ғылымының жайы туралы шындықты айтты

1
607
Фото: Экспресс К

Кеңес дәуірінде қазақ жерінде қазақ ғалымдарының қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы мен мәдениеті бойынша қазақ және орыс тілдерінде қазақ ғылымының қара шаңырақтары – Тарих, Тіл білімі, Әдебиет пен өнер институттарында қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың қолжазбаларының біраз бөлігін Қазақстанның ұлттық, ғылыми, академиялық, ғылыми-техникалық кітапханаларынан таппайсыздар. Олар елде жоқ. Тіпті бұрынғы Ғылым академиясының архиві болсын, ғылыми-техникалық құжаттама архиві болсын, ғалымдардың жеке қорлары болсын, оларды сақтамайды. Сақтауға алынбаған да.

Бірақ іргелі зерттеу мәселелерін шешуге бағытталған бұл ғылыми еңбектер мен жұмыстар Ресейдің мемлекеттік кітапханасында жатыр. Олардың электронды нұсқалары ешбір сайтта жоқ. Оқып, танысам десең, сатып алуың керек.

Сонда, біздің ел, үкімет, билік, түрлі рухани жаңғыруға бағытталған кешенді бағдарламалар осы диссертациялардың көшірмелерін немесе электронды нұсқаларын елге қайтаруға негізделмеген бе? Бұл диссертациялардың ішінде осалы бар, мықтысы бар, бірақ, түптеп келгенде, бұлар шынайы ғылыми жұмыс пен ізденістің қорытындысы және оларда қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерттелген. 30 жылда біздің мемлекет көрші елдерден не архив құжаттарын, не сирек кездесетін қолжазбаларды, не үздік ғылыми туындыларды, не диссертацияларды толығымен анықтап алып келе алмады.

Көп жағдайда үстіртің, тиіп-қашып, үзік-үзік алынған нәрселер. Кезінде өзге республикалар өз тарихына қатысты архив деректерін вагон-вагонға тиеп, елдеріне алып келді. Ал қазақтар әлі жүр, бір ғылыми жоба болса, соның аясында қайта-қайта Мәскеуге шапқылап. 30 жыл болды шауып жүргендеріне. 30 жылда мыңдаған ғалымдардың қолында он мындаған дерек жинақталды. Солардың бәрі шашырап жатыр. Зерттеушілер оларды құжат жинақтары ретінде басып шығарса жақсы, бірақ көп жағдайда ең құнды, ең ақпараты мол деректер мен құжаттарды қолдарында әлі ұстап отыр. Өліп қалса, тіпті де, балалары оларды қоқыс жәшіктеріне лақтыра салады, не өртеп жібереді.

Зерттеу кезінде қажетті ғылыми дүние мен ақпаратты таба алмай қор болғанда, өз рухани мұрасына салғырт қараған бұл елге ызаң келеді. Тек осы мәселенің өзі қазақ ғылымының шынайы деңгейін айқын көрсетіп береді. Ал енді елдің ішінде шіріп, жойылып жатқан қолжазбалар, сирек кітаптар, тарихи деректер мен құжаттар қаншама! Ешкім оны анықтап жатқан жоқ. Бәрібір бұл мемлекетке.

Тәуелсіздік бәрінен қымбат болса, сол тәуелсіздікке апарар жолдың даңғыл болмағанын, қазақтың басынан өткен сан түрлі нәубет пен қасіретті осы күнгі және келер ұрпақ білмеу керек пе? Тәуелсіздікті қанды төгіп тұрып алғанымызды дәлелдей алмай, оның көпшілік жұрт оқып танысатын тілде ұсына алмай жатқандықтан, солтүстіктегі көршінің сандырақтарына жатып кеп ренжиміз. Өз бесігін түзей алмай жүрген қазаққа да сол керек.

Алмас Жүнісбай Facebook парақшасынан алынды

KzNews.kz