Қазақстан-Қырғызстан шекарасында ұзындығы бес шақырымға жеткен кептеліс түзілді

0

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында түзілген кептелістің ұзындығы 5 шақырымға жетті. Төрт күннен бері өткізу пунктінен өте алмай тұрған тек жүк көліктерінің саны 600-ден асқан. Тәуліктеп көлікте түнеп қалған жұрт мұны қолдан жасады дейді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шекарадағы кезекте тұрған көліктер легі қырғыз ауылдарына дейін жеткен. Жүргізушілердің айтуынша, кептеліс қазақ кеденіндегі кедергі кесірінен туындапты.

“Кептелісте тұрғандар арасында тоңазытқышы бар жүк көліктер де бар. Мейлі 1-2 күнге ештеңе етпес. Бірақ алдағы күндері ол істен шығатын болса шығынын кім өтеп береді? Бұны ешкім ойлап жатқан жоқ”, – жүк көлігінің жүргізушісі Жакшылык Кеншиев.

«Чон-Капка» өткізу бекетінен бергі бетке өте алмай тұрғандардың арасында тек елімізге емес, Ресей мен Беларусияға бара жатқан көліктер де бар. Кейбірі Еуропаға жетуі тиіс екен. Алайда еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ешқандай шектеулер енгізілмегенін айтып отыр.

“Екі ел арасында ешқандай шектеулер енгізілмеді. Өткізу пунктері, оның ішінде Қазақ-Қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тексеру уақытының регламенттік нормативтері қатаң сақталуда. Автокөлік құралдарын өткізу деңгейі қазіргі маусымға тән күнделікті көрсеткіш аясында”, – делінген ведомство хабарламасында.

Мемлекеттік кірістер комитеті де мұның маусымдық жағдай екенін айтты. Әрі кептелісті болдырмау үшін кедендегі көліктерді тездетіп өткізуге күш салатындарын жеткізді. Қазір ас-сусыз қалған жүргізушілерге арнайы шатыр тігіліп, тамақтануға жағдай жасалуда. Бұл кептелістің экономикалық, әлеуметтік салдары қандай болары әзірге белгісіз.