Қазақстан президентіне қосымша өкілеттік беріледі
Қысқа сілтеме алу
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары бұл еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс потенциалын қолдау қажеттігінен туындап отырғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Парламент сенаты соғыс жағдайы мәселелерінде Қазақстан президентінің өкілеттігін кеңейтетін заң жобасын бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатта кейбір заңнамалық актілерге соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектановтың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – соғыс жағдайы саласындағы заңнаманы жетілдіру.
«Бұл еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс потенциалын қолдау қажеттігінен туындап отыр», — деді ол.
Заң жобасы алты заңға түзету енгізуді көздейді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеуін, сонымен қатар, бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу.
Бектанов соғыс жағдайы туралы заңда президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отырғанын айтты.
«Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Оған сәйкес, президент соғыс жағдайы шараларын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы күштер Жоғары бас қолбасшылығы ставкасы туралы, қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекітеді», — деді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Одан бөлек, үкімет құзыреті мынадай өкілеттіктермен толықтырылады: бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғануды қамтамасыз ету міндетін белгілеу.
Сонымен қатар, соғыс жағдайы кезеңінде жергілікті атқарушы органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңестерін құру өкілеттігін беру ұсынылады. Бұл ретте қорғаныс кеңестері әскери басқару органы ретінде соғыс жағдайы шараларының орындалуын қамтамасыз етеді. Олар тек соғыс жағдайы кезеңіне құрылады, сондықтан Қарулы күштер құрылымына кірмейді.
«Күзетілетін адамдар мен объектілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне түзету енгізу ұсынылады. Бұл жаңа міндет Қарулы күштер, басқа да әскер мен әскери құрылым, сондай-ақ мемлекеттік органдар үшін енгізіледі», — деді Бектанов.
Сонымен қатар, қорғаныс және Қарулы күштер туралы заңға қорғанысты жоспарлау бойынша бірқатар түзету енгізу көзделген. Президент өкілеттігін қорғанысты жоспарлау қағидасын бекітумен толықтыру ұсынылады.
Меншік нысанына қарамастан, ұйымдар функциясын нақтылау, оның ішінде нысанды күзетуге және қорғауға дайындау ұсынылып отыр.
Әскери қызмет туралы заңға запастағы сержантты даярлау бойынша бірнеше түзету енгізіледі. Әскери резервті толықтыру мақсатында әскери кафедрада ақылы негізде запастағы сержантты даярлау қарастырылған.
Білім туралы заңға жоғары білім беру ұйымына осы бағдарлама бойынша ақылы негізде запастағы сержантты даярлау өкілеттігін беру туралы толықтыру енгізу көзделіп отыр.
Бектанов бұл түзетулер соғыс жағдайы туралы заңнамалық актіні қазіргі заманға сай келтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұдан бөлек, соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттің жұмыс істеу механизмін жетілдіреді.
sputniknews.kz