Қатты соққыдан миы шайқалған. Алматы облысында дәрігердің неге соққыға жығылғаны белгілі болды
Бұған дейін Алматы облысындағы Талғар аудандық ауруханасында келеңсіз жайт болғаны яғни пацениттердің бірінің туысы дәрігерді ұрғаны хабарланған еді. Оқиғаның жай-жапсарын Астана арнасы хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, оқыс жағдай ақпанның 27-сінен 28-не қараған түні болған. Ауруханаға «соқырішек» диагнозымен түскен келіншектің ұлы, науқасты қабылдаған хирургты ұрып жіберген.
«Соқырішек» диагнозымен ауруханамыздың қабылдау бөліміне әйел адам түсті. Хирург-дәрігеріміз науқасты толық қарап, олардан гинекологты күте тұруын өтінген. Сол сәтте, келіншектің ұлы емдеу процесіне араласып, әдепсіз сөйлеп хирургтың басынан ұрып жіберген», — дейді Талғар аудандық ауруханасының баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжан Қойшыбаева.
Қатты соққыдан 31 жастағы дәрігердің миы шайқалған. Қазір ол травматалогиялық бөлімде ем қабылдауда.
«Қазіргі кезде дәрігеріміз травматология бөлімшесінде ем алып жатыр. Диагноз-мидың шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты. Жағдайы қазір қалыпты. Бір жеті күндей ем алады», — дейді Талғар аудандық ауруханасы директорының орынбасары Қарлығаш Қасымбекова.
Ал зардап шеккен хирург бірден полицияға арыз жазған.
«Кенеттен жасалған соққы болды. Не ұнамады мен әлі түсінбеймін оған. Менің практикамда осындай жағдай бірінші рет болып тұр», — дейді Талғар аудандық ауруханасының хирург-дәрігері.
Соққыға жыққан жігіт кінәсін толық мойындап отыр. Ол медициналық мекемемен ондағы дәрігерлерден кешірім сұраған.
«Анам ауырып жатыр мына кісіні қарамайсыздарма деп едім, гинекологты күту керек деді. 40 минут күттім, ертең келетін гинеколог па ол деп сұрап ем, жаныма келді да, «е сен қайда асығып тұрсың» деді. Содан мен ашумен оны итеріп жібердім. Мен өз кінәмді мойындап тұрмын. Кешірім сұраймын», — дейді Нұрғиса Әлішов.
Сондай-ақ ер адам жәбірленушінің барлық шығынын өтеймін деп отыр. Әйтсе де, дәрігер арызын кері алмауға бекінген. Қазір полиция бұл іс бойынша тергеуді бастаған.
Жалпы аурухана басшысы мұндай фактілердің назардан тыс қалмауы тиіс дейді. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің құқығы барынша қорғалуы керек екенін айтады. Сондықтан олар мекеме атынан сотқа арыз жазған.
Ә. Лесбек