16 жылда 64 литр қан тапсырған қарағандылық әйел талай жанның өмірін сақтап қалған

0

Қарағанды облысының тұрғыны Сәуле Есімбекова донорлық көмек көрсетіп, талай жанның өмірін сақтап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, нығайтуға үлес қосқандардың еңбегін атап өтуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Қарағанды облысынан келген Сәуле Есімбекова басты қонақтардың бірі болып, көпшілік алдында сөз сөйледі. Себебі, талай жанның өмірін сақтаған нәзік жандыға халықтың алғысы шексіз. Сәуле өмірінде 64 литр қан тапсырыпты. 16 жылдан бері донорлық көмек көрсетіп келеді.

«Бауырым жол көлік апатына түсті. Қан керек болды. Жағдайы қиын екенін көріп, көмек қолын создым. Өмірімде 64 литр шамасында қан тапсырыппын. Көптеген адамға көмектестім. Ауырғандар аяққа тұрып кетті», — дейді Сәуле Есімбекова. 

Жиында еліміздің мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев та сөз сөйлеп, жаны жомарт қазақ халқының талай ұлыстарға пана болғанын еске алды.

«Халқымызды тең жартысынан айырған орны толмас тақсірет, еркіндік жолындағы Алаш арыстарының қасіретті тағдыры қазақ халқының жігерін мұқатып, сындырған емес. Тәуелсіздікке деген құрмет толастаған емес. Жаны жомарт қазақ халқы көптеген ұлыстарға пана болды. Шиіттей бала-шағасының нанын бөлісіп жеді. Халқымыздың ыстық ықыласы бүгінгі іргесі сөгілмеген бірліктің кепіліне айналып отыр», — дейді Көшербаев.