Қарақат Әбден Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды

0

Қарақат Әбден «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ бірлістіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Астана қаласында «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиыны өткен. «Шара барысында «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» РҚБ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу және ілгерілету, сондай-ақ республикалық деңгейде азаматтардың осал топтарының мәселелерін жеткізу және мүдделерін қорғау мақсатында Әбден Қарақат Жақсылыққызы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына президенттікке кандидат ретінде ұсынылды», — делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Қарақат Әбден 1974 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Ол — белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі және 4 баланың анасы. Мемлекеттік лауазымдарда оның ішінде Салық комитетінің орталық аппаратында, Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет еткен. Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты. Сәбилер үйі мен Балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі, балалар үйінің 15 тәрбиеленушісінің менторы және тәлімгері.