Бақыт Сұлтанов жаңа қызметке тағайындалды

0

Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқасының мүшесі болып тағайындалды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі ұйым сайтына сілтеме жасап.

«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің биыл 6 қазандағы шешімі бойынша, Қазақстан Республикасынан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып Бақыт Сұлтанов тағайындалды. Оның құзыретіне Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық нарықтарындағы монополияға қарсы реттеу және бәсекелестік мәселелері енеді», — делінген хабарламада.

Еске салайық, 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Сұлтановқа, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған болатын. Тамызда Бақыт Сұлтанов Премьер-министрдің орынбасары — сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды.

Бақыт Сұлтанов 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Инженер-электрик, экономист.

2003 жылдың маусымынан 2006 жылдың ақпанына дейін Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болған. Одан кейін республиканың статистика агенттігінің төрағасы болып жұмыс істеген. 2007 жылғы қаңтар-тамыз аралығында қаржы вице-министрі қызметін атқарды, ал 2007 жылғы 10 тамыздан бастап елдің экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін басқарған.

2010 жылдан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 2012 жылдың 21 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев Бақыт Сұлтановты Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. 2013 жылдың қараша айында ол қаржы министрі болды.

Сұлтанов 2018 жылы 11 қыркүйектен бастап Астана әкімі қызметін атқарған. 13 маусымда оны осы қызметте Алтай Көлгінов алмастырды.

«Құрмет» орденімен және екі медальмен марапатталған.