Қайран менің текке кеткен 15 жылым — Сәуле Әбділдаханқызының оқырманы

0

Танымал журналист Сәуле Әбділдаханқызы facebook желісінде өзінің оқырманы жіберген хатты жариялап, елдің көңілін босатты деп хабарлайды kznews.kz порталы.

Мына хатты оқып, жылап қалдым…😪

«Сәуле ханым, сәлеметсіз бе!

Сізге өз тағдырымды баяндап, ақыл-кеңес сұрағым келеді. Сіздің оқырмандарыңыз жөн сілтеп, жол көрсетер. Осы хатымды парақшаңызда жариялаңызшы, өтініш. Менің тағдырым сіздікіне ұқсайды. Бірақ сіз қаншама қиындық көрсеңіз де сынбастан, еңсеңізді тік ұстап жүрсіз. Ал мен сынып кеттім, қазір өмір сүргім келмейді.

Есімім Жанар, жасым 45-те. Жолдасыммен ажырасып кеткенімізге 20 жыл болды, 90-шы жылдардың қиындығына шыдамай, өзін асырайтын басқа әйелге кетіп қалған. Бір ұл, бір қызым бар еді, екеуін жалғыз өсіріп жеткізгенімде мен де ұлым ержеткен шағында айырылып қалдым. Былтыр суға кетіп қайтыс болды.

Қызым тұрмыста, басқа қалада тұрады, өз отбасы, ата-енесі бар, үйге сирек келеді. Жас ортасына келгенде жалғыз қалған ауыр екен.

Негізі, 15 жыл бойы бір жігітпен көңіл қосып, анда-санда кездесіп жүрдік. Бір-бірімізді қатты жақсы көрдік, сый-құрметіміз де ерекше болды. Тек ол кісінің отбасы болды, отбасынан ажырасқанын мен де қаламадым, ол да ажырасу туралы ойлаған жоқ. Ол адамды екі-үш айда бір көргеніме мәз боп жүре беріппін. Соншама жылдарымды, жастық шағымды сол адамға арнаппын, тек соның жолын күтумен жүргенде зымырап 15 жыл өтіп кетіпті. Балам қайтыс болардан бір жыл бұрын, яғни 14 жыл дегенде ол неке қидыруға шешім қабылдап, мұсылмандық жолмен неке қидырып, Алла алдында ерлі-зайыпты болдық. Ол күн мен үшін ең бақытты күн болды. Он төрт жыл дегенде мені өз жары, әйелім деп қабылдады деп ойладым. Осыншама уақыт «ашына» болған моральдық тұрғыда оңай болмаған еді, некелі жарым деп мойындағанына қуандым. Оның куә болған ең жақын інісі, менің балам мен қызым, әпкем, інім, жақын құрбым ғана білді. Алайда неке қидыру бар да, сол неке алдында жауапкершілік те үлкен ғой.

Балам қайтыс болғанда ол адам көптің бірі боп келді, құран оқытып кетті. Болды. Жай ғана көптің бірі, менің некелі күйеуім емес сияқты, бөтен, жат адам сияқты. «Жарайды, көпшіліктің алдында қайтсін енді, қолынан не келеді? Кейін көптің аяғы басылғанда келер, соғар деп ойладым. Келмеді. «Тіпті күніне бір мезгіл телефон соғып, хат жазып, шамасы келгенше жанымды жұбатар» деп қоңырау күттім, хабар күттім. Жым-жырт. Күнде немесе күнара, тіпті апта сайын келуге мүмкіндігі жоқ қой, звондайды ғой» деп оны ақтадым, өзімді жұбаттым. Дәлірек айтқанда өзімді алдадым. Звондамады да, хат та жазбады. Баяғыдай, түк болмағандай, менің басымнан ауыр қасірет өтпегендей, арада екі ай өткенде аяғы әрең жетті, түк болмағандай үйге келді. Ал мен қанша жерден жарылардай боп тұрсам да, түк білдірмей, дастарханымды жайып, шай беріп, үн-түнсіз күтіп алдым да, «бір құрбыларым көңіл шайға шақырып еді» деп, үн-түнсіз қоштасып, шығарып салдым. Есік жабылған сәтте есікпен бірге ол кісіге арналған 15 жылдық менің жүрегімнің қақпасы жабылды. Тас түйін қып қос жұдырығымды түйдім де, босағаға отыра қалып, ағыл-тегіл жыладым. Мен сүйген адам ол емес еді. Бір-ақ сәтте жек көріп кеттім.

Бір жылдан аса уақыт өтті. Баламды өлідей, сүйген адамымды тірідей жерледім. Өзім не өлі емес, не тірі емес, құр сүлдерімді сүйретіп жүрмін. Баламнан айырылғаным Алланың ісі деп көндіктім, мойынсұндым десем де, бұл қасірет мені жаншып тастады. Ал «қуанышта да, қайғыда да бірге болуға тиіс, Алла алдында солай деп уәде берген сүйген жаныңның ең ауыр қасіретті бөлісе алмауы Алланың ісі емес еді. Ол өзінің тасжүректігі еді. Сол адамға жастық ғұмырымды арнаппын, соған өкінемін. Баламның өкінішіне бұл өкініш қосылып, ішқұсалықтан өлетін сияқтымын. Сол адамды жек көргеннен бүкіл әлемді, мына өмірді жек көріп кеттім. Қайран менің текке кеткен 15 жылым. Ендігі өмірде не мән қалды, білмеймін.

Қазір жылай да алмаймын. Үлкендер «жылап ал, жылаған жақсы, жеңілдейсің» дейді, менің жүрегім тасқа айналған, көзімде бір тамшы жас жоқ, тек алқымымда толған өксік. Не ары кетпейді, не бері шықпайды.

Мұның бәрін жазып отырған себебім, менің өмірім өзгелерге, әсіресе жас қыз-келіншектерге сабақ болсын, жас кездеріңде тұрмыс құрып, төрт-бес бала туып алыңдар дегім келеді. Өзіме қандай ақыл айтарымды білмеймін. Тығырықтан шығар жол жоқ, өмірдің күрмеуі де мен үшін қиын, шешілмейтін сияқты………….»

Сәлеммен, Жанар
07 шілде 2022