Рыбакинаның жеңісі қазаққа не береді? — Руслан Меделбек

0

Кешегі жеңіс елді екіге жарды. Жеңсе жеңгенін, жеңілсе жеңілгейтін біздің қоғамда бұған ет үйрене бастады. Елена елге келді, келгеніне төрт жылдан асты. Енді ғана келгендей шулап жатырмыз. Шегінерге жол жоқ, ол жарыстарға Қазақстан атынан қатысып жүрген спортшы.

Бір мысал, ауыр атлетикаға да топырлап легионерлер келіп, елді шулатқан жеңіс/жеңілістерінен соң елде штангаға үйір болған жас артты. Қазір жасөспірімдер, жастар, ересектер құрамасы толығыммен 80 пайыз — қазақ балалар. Бәрі сол 2008-2012 жылғы бумнан кейін залға барғандар. Галбадрахтың жеңісінен соң дзюдоға да қазақ қыздар ағылды. Ұлттық құраманың 90 пайызы — қазақ қызы.

Қазір теннисте де бум. Биыл Уимблдон жарысының жасөспірімдер арасындағы сынына үш қазақ қызы Аружан, Сандуғаш, Жәнел қатысты. Париждегі жасөспірімдер арасындағы турнирде Заңғар Нұрланұлы деген баламыз жасөспірімдер арасында Open Stade Francais жарысының финалына шықты. Даниел Тазабеков деген баламыз жартылай финалға дейін жетті. Мен теннис қарағалы мұндай болмаған. Ленаның жеңісінен соң корт жағалаған ата-ана мен бала көбеймек.

Біз сияқты бұқаралық спорты жөнді дамымаған елге бір лидер керек-ақ. Әлия Юсупованың жетістіктерінен соң көркем гимнастикада да бум болмады ма? Қазір қалада баласын көркем гимнастикаға тасыған ата-ана көп.

Бізде бір мәселе, теннисте 16 жастан кейін баланы кәсіби маман жаттықтыру керек. Сол кезде енді шығып келе жатқан осы Заңғар, Аружан, Сандуғаштарға шетелде жаттығуға ақша керек болады. Теннис — өте қымбат спорт. Ата-анаң миллионер болмаса миллиардерге үміт артасың. Басқа амал бар ма?

Еленаның жеңісін қабылдай алмасаңыз, онда қазақ балаларының, болашақ Айгүл, Сандуғаш, Аружан, Заңғар, Дамир, Аяулымдарға даңғыл жол деп қабылдармыз.

Лена қыз бұл жеңісімен тоқтап қалмас, әлі де талай Grand Slam жарыстарындағы жеңісіне куә боламыз. Бұл дауға сол кезде тағы оралармыз. Ал шілдеде АҚШ-та жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталмақ. Сол жарысқа Кениядан келген үш спортшы Қазақстан атынан қатысады және өз дисциплиналарында фаворит. Алтын алып жатса тағы бір шулауға мүмкіндік болмақ 🙂