Қайда барсаң да Құлыбаев. «Қазақстан халқына» қорының артында кім тұр?
Қорға құрылтайшылық ететін екі қоғамдық бірлестік те мемлекеттік емес, деп хабарлайды kznews.kz сайты qamshy.kz порталына сілтеме жасап.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қанды қақтығыстан кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қорының төрт құрылтайшысы бар. Біріншісі – «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі, екіншісі – «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі, үшіншісі – Эльмира Әлиева, төртіншісі – Бақыт Байғалиева.
«Қазақстан халқына» қоры туралы ресми анықтама. Электронды үкімет порталынан жасалған скриншот
Қорға құрылтайшылық ететін екі қоғамдық бірлестік те мемлекеттік емес.
Ашық дерекөздердегі ақпараттан Тоқаев құрған қор құрылтайшыларының бірі – «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа қатысы бар екенін аңғаруға болады.
Бұл қоғамдық бірлестік 2018 жылы 17 мамырда құрылған. Ұйым басшысы – Ләззат Шыңғысбаева деген азамат.
44 жастағы Шыңғысбаева «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінен бөлек, тағы екі ұйымды басқарады. Оның бірі – Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы, екіншісі – «Адал» партиясының Алматы облысындағы филиалы.
Шыңғысбаева басқаратын Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы – Тимур Құлыбаев бірнеше жыл бойы төралқалығын басқарған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына тікелей бағынышты ұйым. Демек, Шыңғысбаева Құлыбаевтың қарамағында жұмыс істеп жүрген адам деуге толық негіз бар.
Мұнан бөлек, Шыңғысбаева облыстық филиалына жетекшілік ететін «Адал» партиясының да Тимур Құлыбаевқа қатысы бары қоғамда жиі айтылады. Бұл партия 2020 жылдың қарашасына дейін «Бірлік» деп аталды. Елдегі кейінгі парламент сайлауының алдында партия атауы «Адал» деп өзгеріп, сайлауалды науқанда саяси ұйым белсенді насихат жүргізді, бірақ мәжіліске өте алған жоқ. Сол кезде бұл партияны Назарбаевтың күйеу баласы Құлыбаев сатып алғаны айтылған.
Шыңғысбаева басқаратын «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «Қазақстан халқына» деп аталатын қор құрылтайшыларының бірі екенін жоғарыда айттық. Ал бұл бірлестіктің өзінің 11 құрылтайшысы бар. Алайда электронды үкімет порталында 11 құрылтайшының біреуі жасырылған. Қалған оны мыналар: Мәдениет Божбанов, Қайнар Абасов, Талғат Жұматов, Райхангүл Сатабаева, Жанна Телпекбаева, Ермек Дүйсенханов, Жандар Садықов, Шұға Наурызбаева, Алена Гуляева және Елдос Үшкемров. Бұл адамдардың біразы Құлыбаевтың бақылауында болған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеген.
«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі туралы ресми анықтама. Электронды үкімет порталынан жасалған скриншот
Интернеттегі ақпаратқа қарағанда, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі құрылғалы бері қайырымдылықпен айналысып келе жатыр. Ұйым үш жылда 3,7 млн теңге салық төлеген. Бір қызығы, бұл бірлестіктің құрылтайшылары «Қазақстан халқына» деген қор ресми тіркелген күні, яғни, 14 қаңтарда өзгерген. Бірақ электронды үкімет порталынан 14 қаңтарға дейін бұл бірлестіктің құрылтайшылары кім болғанын көру мүмкін емес.
«Қазақстан халқына» қорының қалған тағы бір құрылтайшысы – «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылы 28 желтоқсанда құрылған. Содан бері ұйым 94 мың теңге салық төлеген. Бірлестіктің нақты немен айналысатыны белгісіз. Басшысы – Саида Таукелева. Бірлестіктің 10 құрылтайшысы бар.