Прокурор соттан «Шыңжаңнан қашқан» Қайша Ақанды Қытайға қайтармауды сұрады

0
15

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған Қайша Ақанның сотында прокурор Арзыгүл Имярова судьядан Шыңжаң қазағын Қытайға қайтармауды, алты ай пробациялық бақылау тағайындауды сұрады.

Қайша Ақанның үстінен Қылмыстық кодекстің «Шекараны заңсыз кесіп өту» (392-бап) бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша, «шекара бұзған адамның» айыбы дәлелденсе, бір жыл бас бостандығынан айырылып, артынша келген еліне қайтарылады.

Прокурор судьядан үкім шығарарда Қайша Ақанның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, Қытайдан Қазақстанға үш рет өте алмағанын, Қазақстан азаматына күйеуге шыққанын, айыбын мойындағанын ескеруді өтінді.

43 жастағы Қайша Ақан 12 қарашадағы сот отырысында «шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған». Ол бұл қадамға «Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын» айтады. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Қайша Ақан қарашадағы сот отырысында Қазақстаннан пана сұраған.

Қайша Ақан 2019 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша ҰҚК Ақанның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Шекараны заңсыз кесіп өткен уақыттан ҰҚК-ға барғанға дейін оны «ешкім іздемеген».

Қайша Ақан – қазақ қытай шекарасын кесіп өтіп, жауапқа тартылған алғашқы қазақ емес. 2018 жылы тамызда «Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті» деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін» айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, жақында «Қытайдан қаштым» деген тағы бір қазақ Бағашар Мәлікұлы Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз