Президент — Медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды

0

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылуы тиіс бірқатар жұмыстарды атап көрсетті. Сондай-ақ, елімізде ақсап тұрған әр саланың мәселелерін шешуді Үкіметке жүктеді деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі. 

– Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды істер күтіп тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы  әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән беруді тапсырды. Оның ішінде денсаулық сақтау жүйесіндегі қордаланған түйтілдер де назардан тыс қалған жоқ.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына  бес жыл болды. Содан бері  бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.

Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов өзінің инстаграм парақшасында пікір білдірді. Депуттатың айтуынша жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі  бұл мәселені шешудің жолдарын ойластырып жатыр.

– Президент Үкімет отырысында МӘМС жүйесін сынға алып, Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Өкінішке қарай шын мәнінде, мәселе көп. МӘМС моделін толық қайта қарау қажет. Тегін медициналық көмек көлемінің кепілденген пакетіне кіретін (ТМККП) тізім жеткілікті деңгейде анықталмаған, азаматтар медициналық көмек алуға тырысқан кезде, нағыз квесттен өткендей қиындықтарға тап болады.  Клиникалық протоколдар лайықты түрде жаңартылмайды олар бақылаусыз жаңа зерттеулер мен дәрі-дәрмектермен толықтырылады. Бірақ МӘМС-тің бюджеті рекордтық деңгейге жетсе де, медициналық ұйымдар зор кредиторлық қарызға батты. Ал азаматтар медициналық қызметтерді өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.Кеше, жаңа Денсаулық сақтау министрінің кандидатурасымен келісім кезінде біздің депутаттар осы мәселелерді көтерді. Атап өтейін, министр бұл мәселелердің барлығын шешудегі көзқарасты ұстанады. Бұл позиция өзгермей, тиімді іске асырылады деп үміттенеміз. Бұл жағдайдың құрбандары тек қолжетімді медициналық көмек алмаған азаматтар ғана емес, сонымен қатар медицина қызметкерлері де болып табылады. Неге? Қаражат тапшылығынан олар протоколдарға сәйкес емдеуде шектеулі: барлық қажетті зерттеулерді немесе емдеуді тағайындай алмайды, нәтижесінде, жауапкершілікке тартылу қаупімен бетпе-бет келеді.Азаматтардан немесе бизнестен міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММСҚ) жарналарды арттыру мәселені шешпейді. Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында жүйелі реформалар қажет, дәл осы туралы Мемлекет басшысы тапсырма берді.

Барлық азаматтар үшін түсінікті және анық медициналық қызметтер тізімі қажет, олар әркімге қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты шешім қадамдарын көрсетті. Үкімет бұл міндетті тиімді жүзеге асырады деп үміттенемін, – дейді депутат Асхат Аймағамбетов.