“Мемлекеттің орта есеппен әрбір бесінші азаматы әлеуметтік көмек алады” — политолог

0

7 ақпан күні жаңа премьер-министр Олжас Бектеновтың басшылығымен Үкімет отырысы өтті. Жаңарған министрлер кабинетіне Президент алдағы мақсат-міндеттерді жүктеді.

Политолог Аман Мамбетали бүгінгі Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қозғаған мәселелеріне өз пікірін білдірді. 

«Бүгінгі Үкімет отырысында Президент қаншама мәселелерді сөз етті. Кейбіреуіне ерекше назар аударып, бірнеше мәрте қозғады. Себебі бұрын-соңды ол кісі бұл салалардан айтарлықтай нәтиже көре алмаса керек. Мен үшін бұл векторлар аса маңызды. Мәселен, экономикалық және әлеуметтік блок. Саясаттанушы ретінде аңғарғаным, басшымыз салық кодексін біраз сынға алды. Өте қиын мәселе. Президент өзінің күткен креативті шешімдерін бұл кодекстен таба алмаған. Біріншіден, Инвесторларды қысымға алуға болмайды. Осы тұрғыда Президент жалпы біздің мемлекет инвесторларға жағдай жасау керек екенін атап өтті. Екіншіден, салық кодексінің басты мақсаты белгілі бір ережелерге сай мемлекет бюджетін қаржымен толықтыру.  Бұндай тенденция бар, алайда салықтарды көбейтпей, қазынаға түсетін ақшаны көбейту керек екені айтылды. Бұл ҚҚС-ға тікелей байланысты. Тағы бір маңызды дүниелердің бірі мониторингке тоқталды. Бұл процесс өте таза жүруі керек. Ол үшін жоғары дамыған цифрлық технологиялардың мүмкіндігін толықтай  пайдалану керек екенін еске салды. Бюджет ақшасы кімде, қалай, қайда, не арқылы жүріп жатқаны бақылауда болуы тиіс. Соның өзінен көп нәтижеге қол жеткізуге әбден болар еді. Осылай ақша ауаға жетпегеніне көз жеткізе аламыз. Одан басқа әлеуметтік жағдай туралы айтты. Орта есеппен Қазақстанның әрбір бесінші азаматы бүгінгі күні мемлекеттен көмек алады. Мұның өзі өте төмен көрсеткіш. Себебі мемлекеттің қазіргі жүйесінде өте қате және қауіпті менталитет қалыптасқан. Ол — тәуелділік. Ол үшін тиесілі органдар кімге көмектің нақты қажет екенін тексеріп, қарастырып, реттеу қажет. Себебі жағдайы жақсы болса да, мемлекеттен көмек алып отырғандар жоқ емес. Менің бір байқағаным, қазіргі премьер-министрдің тәжірибесіне қарайтын болсақ, ол кісі жемқорлыққа қарсы табандылықпен ешкімге қарамастан күресіп келе жатқан адам. Сондықтан осындай қызметке тағайындалу арқылы елдегі сыбайлас жемқорлық мәселесіне тоқтау қоюға мүмкіндік көп.
Президент су мәселесін де қозғады. Былтырғы Жамбыл облысындағы фермалардағы қиындық өзекті мәселеге айналған еді. Сол жағдай Түркістан мен Қызылордада қайталануы мүмкін. Осыған байланысты Су және ирригация министріне үндеу жасады», — деп пікір білдірді.

фото:akorda.kz