Павлодар тұрғыны Абай ескерткішіне әжетхана қағазы мен жұмыртқа лақтырған

0

Павлодарда Абай ескерткішіне әжетхана қағазы мен жұмыртқа лақтырған тұрғыны бұзақылығы үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ ластанған ескерткішті жуып-тазалады. 

Instagram-да жарияланған видеода қолында шелек пен шүберек ұстап тұрған жігіттің тұғырды қалай жуып жатқанын көруге болады.

«Кеше қателесіп, Абай Құнанбаев ескерткішіне жұмыртқа  лақтырдым. Кінәмді өтеу үшін мен ескерткішті өз еркіммен жуып тазалаймын. Павлодар қаласы мен Павлодар облысының барлық тұрғындарынан кешірім сұраймын. Мұндай қателіктер жасамаңыз», — дейді жас жігіт.

Еске сала кетейік, 21 жастағы павлодарлық облыс әкімдігі жанында орнатылған Абай ескерткішіне жұмыртқа, дәретхана қағазын лақтырған болатын. Павлодар тұрғыны өзінің бұл әрекетін құрбысымен болған жанжалдан кейін ашу үстінде жасағанын түсіндірді. Жігіттің айтуынша, ол сол кезде мас болған.

Полиция қызметкерлері ұсталған адамға «ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік материал жасап, оны сотқа жіберді.

Сонымен қатар, жас жігітке қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін бес айлық есептік көрсеткішке айыппұл салынды.