Памир қырғыздары азаматтық сұрайды
Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу қызметі Памир қырғыздарында оралман мәртебесі (қырғызша — кайрылман) болғандықтан олардың жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алатынын айтады. Алайда сыртқы істер министрлігі Памир қырғыздарының Қырғызстанға білім алу мақсатымен келгенін, азаматтық алу кезінде Ауғанстан үкіметімен түсінбестік туындауы мүмкін екенін ескертеді.
«ПАМИРДЕ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА БАРҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП»
Ауғанстаннан Қырғызстанның Нарын облысына көшіп барған Памир қырғыздары мамырдың 22-сі күні Бішкекте өткен жиында жаңа өмірге бейімделу үшін Қырғызстан азаматтығын алғысы келетіндерін жеткізді. Олардың киген киімі, сөйлеген сөзі жергілікті тұрғындардан аумайтыны байқалды.
Нарында тұрып жатқан Памир қырғыздарының бірі Абдылвахид Жээнбек уулу тарихи отанында қалу үшін Қырғызстан азаматтығын алуға талпынып отырғанын, ал егер заң мүмкіндік берсе, Ауғанстан азаматтығынан да қалдыруды көздеп отырғанын айтты.
— Егер біздің жеріміз, тұрақты жайымыз болса, топтасып өмір сүрсек, жақсы болар еді. Себебі жан-жақта жеке-жеке тұру қиын. Нарында жұмыс тауып, біреудің үйін жалға алып, мал бағу да оңай емес. Бәріміз бір жерге қоныстанып, кезектесіп мал бақсақ деп ойлаған едік. Егер Қырғызстан және Ауғанстанның заңдары рұқсат берсе, Қырғызстан азаматтығын алсақ деген үмітіміз бар, — дейді Абдылвахид Жээнбек уулу.
Қырғызстанға келген Памир қырғыздарына оралман мәртебесі берілген. Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің дерегінше, бұл мәртебе оларға ауруханада ем қабылдап, білім алуға, жаңадан үйленгендерге неке туралы куәлік, жаңа туған нәрестелеріне туу туралы куәлік алуына құқық береді. Бұған қоса, азаматтық алу кезінде қосымша мүмкіндіктер береді.
Осындай оралман мәртебесі бар кейбір Памир қырғыздары ай сайын балаларына 1215 сом (шамамен 17 доллар) көлемінде — жәрдемақы, кейбірі — зейнетақы алады. Бұған дейін Қырғызстан аумағында туылған төрт балаға мемлекет бір реттік жөргекпұл берген.
Памир қырғыздарының бірі Абдыгафар Абдырасул өздеріне жасалып жатқан жағдайға көңілі толатынын, қазіргі кезде өзге де ауған қырғыздары осы жаққа келуді жоспарлап отырғанын айтты.
— Журналистер «осында қаласыздар ма әлде қайтасыздар ма» деп жиі сұрайды. Біз мұнда біржола қалғымыз келеді. Тарихи отанымызда тұру үшін осы жаққа 11 отбасы болып, бөлек келгенбіз. Қазір Памирде Қырғызстанға барғысы келетіндер көп, — дейді ол.
Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу қызметіне қарасты халықты тіркеу департаментінің хабарлауынша, этникалық қырғыздар Қырғызстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіп бойынша ала алады. Департамент өкілдері олардың келген елінің азаматтығынан шықпауына да құқығы бар екенін айтты. Бұл ақпаратты департамент басқармасының басшысы Гүлбарчын Турдубаева хабарлады.
Оның айтуынша, департаменттің міндеті — құжаттарды жинап, президент жанындағы азаматтық мәселелер бойынша комиссияға жөнелту. Соңғы шешімді сол комиссия қабылдайды.
— Егер президенттің азаматтыққа қабылдау туралы жарлығы шықса, екі апта ішінде төлқұжат әзірлейміз, — дейді Гүлбарчын Турдубаева.
Ал сыртқы істер министрінің кеңесшісі Алмазбек Асанбаев Памир қырғыздарына қырғыз азаматтығы берілсе, Ауғанстан билігімен түсінбестік туындауы мүмкін екенін айтады.
Оның айтуынша, Памир қырғыздары тарихи отанына білім алу үшін келген және Ауғанстан оларды кейінірек елге оралып, сондағы салаларды жетілдіруге үлес қосады деп үміттенеді. Ересек оралмандарды балалар мен жасөспірімдерге бас-көз болу үшін бірге жіберген.
- Әрбір мемлекет өз азаматтарын елінде қалдыруға талпынады. Оған ешкім де тосқауыл жасай алмайды. Өйткені олар сол мемлекеттің азаматы. Оның үстіне Памир қырғыздары әуел баста «елімізге қайтамыз» деп келген. Егер бұл келісім бұзылса, Ауғанстан үкіметі этникалық қырғыздарды мүлде жібермейтін болады, — деді Алмазбек Асанбаев.
Дипломат сонымен бірге қазіргі кезде Ауғанстандағы Кіші және Үлкен Памир аумағында тұрып жатқан шамамен екі мың қырғызға гуманитарлық көмек көрсету мәселесі де қиындап кетуі мүмкін деп болжайды.
Памирлік қырғыздардың баспана, жер алу мәселесін көтеріп, оларды министрлік өкілдерімен жолықтырған депутат Аида Исмаилова бұл проблемалар олар қырғыз азаматтығын алғанда шешілетінін айтты.
Мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Болотбек Ибраимжанов Памир қырғыздары ғана емес, жалпы оралмандар кездесуі мүмкін мәселелер туралы айтады.
— Қырғызстанда оралман мәртебесін 40 мыңнан астам адам алған. Олардың барлығы жер, баспана беруді талап етіп жатыр. Олар — Ауғанстан азаматтары. Өткен жылы азаматтық алу мәселесін қозғамаған еді. Биыл олар азаматтық алғысы келетіндерін айтып отыр. Бұл дұрыс шешім, мен оны қолдаймын. Азаматтық алғаннан кейін үкімет олардың мәселелерін шешіп береді, — деді ол.
2017 жылы қазан айында Ауғанстаннан Қырғызстанның Нарын облысына шамамен 50 Памир қырғызы келген. 11 отбасы немесе 49 азамат Нарында тұрақтап қалған. Екеуі Ошта оқып жатыр. 2018 жылы 18 этникалық қырғыз Ауғанстаннан келген, тек біреуі ғана Ауғанстанға қайтып оралған.