Өзбекстан аумағына бес снаряд құлады. Ауғанстаннан жіберілген болуы мүмкін

0

5 шілде сағат 16:20 шамасында Өзбекстанның шекара аумағына бес реактивті снаряд түскен. Снарядтар Ауғанстан жағынан жіберілген деген болжам бар. Бұл жөнінде Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде жазылған.

«Снарядтар құлаған кезде жарылмағанын атап өту керек, сол себепті адам шығыны да жоқ, ештеңе қирамады» деп жазылған сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, Термез қаласы маңындағы елді мекендердің біріндегі төрт жеке тұрғын үй шамалы бүлінген. Бесінші снаряд футбол алаңынан табылған. «Снарядтарды саперлар тобы зиян келтірмейтіндей қылды» деді СІМ өкілдері.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстан өкілетті органдары ауған жағымен бірігіп оқиғаның себептерін анықтауға күш салып жатыр.

Сәуір айында Өзбекстанның кейбір ресми сайттары «Ислам мемлекеті» ұйымының Хорасандағы бөлімшесі Ауғанстан аумағынан Өзбекстанның Сурхандария облысындағы әскери нысандарға он зымыран жібергенін хабарлаған еді. Алайда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің баспасөз хатшысы мұны жоққа шығарып, оны арандату әрекеті деп атаған.