«Өз жарасын өзі емдеген көкжал сынды»: Амангелді Сейітханға арнау

0

Кеше Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өтті, деп жазады kznews.kz сайты.  

«Турнир қарсаңында Қазақтың спорт және туризм академиясында Аман ағаның атындағы телестудия ашылды. Сол шарада айтқан шағын арнау:

  1. Балаңа құлақ түрсең арда ағайын,

Қырандай қанатымды қомданайын.

Атақты жыр жүйрігі болмасам да,

Шамамның жеткенінше толғанайын.

Айтысқа 7 жылдай шықпасам да,

Мұндайда қалайша жыр арнамайын.

Ағаның рухына тағзым етіп,

Екі шек қу тақтайды қолға алайын.

  1. Айтатын естелік көп аға жайлы,

Жан еді көңілі кең, жаны арайлы.

Бәріне құшақ ашып жүруші еді,

Жассың ба, баласың ба қарамайды.

  1. Ешқашан бетімізді қайтармайтын,

Сабырлы еді оңайлықпен шайқалмайтын.

Халықтың дана сөзі бар емес пе

«Жақсылар жақсымын», — деп айта алмайтын.

Аман аға дәл сондай азамат еді,

Мықтымын деп шіреніп, шалқаймайтын.

Қаратау секілді еді қасымызда

Жүргенде биіктігі байқалмайтын.

  1. Үйретіп құндылықты қастерлеуді,

Руханиятпен толтыратын аш кеудеңді.

Жасағанын жарияға жар салмайтын,

Халық ондай сүйеді жақсы ерлерді.

Менмін деп менменсіген кездері жоқ,

Сүйетін ел еңбегін ескергенді.

Өзгенің жолын ашып жүруші еді,

Шыңдайтын маңайына жас келгенді.

Алаңда да бәріне ассистент боп,

Ұнататын гол соққаннан, пас бергенді.

  1. Жаны ауырып, айтылса ұлтына сын,

Жаны ашып жүруші еді жұртына шын.

Айтыста тыңдарманға тарту етті.

Тап-таза, мөлдір бұлақ жыр тұмасын.

Ал, енді спорт жайлы жазғандары,

Оқырман көңілінен шын шығатын.

Тікелей эфирдегі тіркестері

Көрсетті көрерменге тіл қуатын.

Мақтанып, мақтағанды ұнатпайтын,

Деуші еді ісімді ел шын сынасын.

Спорттың шын жанашыр, саңлағы еді,

Халқымды сағындырып бір туатын!

  1. Сөз қыла бермеуші еді өзгені көп,

Жанының тазалығын көз көріп еді.

Тұлпар болар баланы тайда танып,

Мықты болар футболшыны сезгені көп.

Аман аға қайталанбас комментатор,

Өзінің білгені мен көргені көп.

Жүргізген матчтары аз болса да,

Ел есінде сақталған сөздері көп.

  1. Ағаның сөзі бар еді, «кімбіз?» — дейтін.

Сол сұраққа жауапты күнде іздейтін.

Айналамыз қарыштап бара жатыр,

Ал біз әлі адасып жүрміз дейтін.

Шіркін Зидан қазақ боп туғанда деп,

Ауылдардан дәл сондай ұлды іздейтін.

Абайдың әр сөзінен өнеге алып,

Өмірден біз білмейтін сырды іздейтін,

Адам деген ең әлсіз жаратылыс,

Біз ештеңе емеспіз нөлміз дейтін.

Бірақ та Аман аға әлсіз емес,

Шын мықты еді, шырылдап шынды іздейтін.

Ауырып жүргенін де білмей қалдық,

Жан болсақта үнемі сізді іздейтін.

Өз жарасын өзі емдеген көкжал сынды,

Әлсіздігін ешкімге білгізбейтін.

Темірқазық секілді бәрімізге,

Жол сілтеп тұрады енді жұлдыз кейпің!

  1. Аман аға қазақтың арқалы ұлы,

Өзі өлсе де, өлмейтін бар қадірі.

Ағаның атын әрі жаңғыртатын,

Ашылды телестудия орталығы.

Портреті төрінде тұр ағамыздың,

Әр сөзі түкпірінде санамыздың.

Турнир жасап, кітап шығарып, студия ашып,

Есімін ол кісінің дара қылдың.

Осындай құрмет қылған кісілерге,

Рухы разы болсын ағамыздың.

  1. Дәл ондай аз туады ұлы адамдар,

Өлгенше өзін-өзі сынағандар.

Ағаның еткен ісін жалғап келеді,

Жандос, Телжан, Ермек, Ермаш, Рауандар.

Көп болса дәл осындай тектілерім,

Аға аты өшпейді деп білемін.

Осы орталық мықты комментаторлардың

Мектебіне айналсын деп тіледім!» — деп жазды.