Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керек?

0

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың төлқұжатында неге электрон чип жүргенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Instagram-да чиптелген төлқұжаттың видеосы тараған еді. Соған байланысты көші-қон қызметі түсінік берді.

«Электрон төлқұжат әлемнің көп елінде енгізілген. Қазақстанда микросхемасы бар төлқұжаттар, сондай-ақ жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады. Чип адам туралы жеке деректерді сақтауға арналады және жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік береді», — деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.

Ішкі істер министрлігі чипі бар төлқұжат электродты жүйелер арқылы басқа елдердегі шекара өткізу пункттерінен және паспорттық-визалық бақылаудан жеңіл өту үшін енгізілгенін айтты.

«Төлқұжаттардағы чиптер шекарадан өткен кезде тек арнайы оқу құрылғыларымен өзара әрекеттеседі», — деп толықтырды департамент өкілдері.

Еске салайық, Қазнет қолданушылары чиптелген төлқұжатты талқылаған болатын. Видео кейіпкерлері төлқұжатты ашып, ішінен чипке ұқсас құрылғыны табады. Авторлар бұл микросхема шетелде жүрген қазақстандықтарды бақылауға арналғанын айтады.