«Өз ауылына мектеп салып берген»: Қапыда қаза тапқан Қайрат Беркімбаев туралы не белгілі
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жары 57 жасында дүниеден озды. Белгілі қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласында еңбек еткен, «Оқ-жетпес» емдеу сауықтыру кешенінің президенті Қайрат Шерәліұлы Беркінбаевтың жүріп өткен жолы қандай болды?
Қайрат Беркінбаев Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл елді мекенінде дүниеге келген. Журналисттерге бұрын берген сұхбатында ол ауылда туып-өсіп 8-сыныбында отбасымен Алматыға көшкенін айтады. Жастайынан спортқа жақын болғандықтан 2009 жылдан бері республикалық фристайл федерацияның президенті атанған.
Қоғам қайраткерінің бірінші жары Меруерт Беркінбаевадан екі ұлы, Ләйлә Сұлтанқызынан Сағадат және Сардар есімді қос ұлы бар. Үлкен ұлдарынан немере де сүйген.
Ол 1999 – 2002 жылдары – «Эйр Қазақстан» ЖАҚ жанар-жағармай қызметінің бастығы;
2002– 2004 жылы – «Казнефтехим» ЖШС бас директорының орынбасары;
2004 – «Қазмұнай» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
Қайраткер қоғамдық іс-шаралар мен қоса әлеуметтік мәселелерді шешуге қол ұшын созған.
Ол сонымен қатар өз қаражатына туған жері Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылына 200 орындық мектеп салған. Ауылдастарына, әсіресе, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға үнемі материалдық қолдау көрсетіп, әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жол салуға атсалысқан. Мұқтаж қарияларыға, асыраушысы жоқ отбасыларға, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге де жәрдемдесуді ұмытпаған.
Меншігінде Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласында бірнеше жанар май бекеттері жұмыс істейтін мұнай компаниясы болған. Кейін ол бизнесін Алматының тау бөктеріндегі «Табаған» демалыс орнына алмастырған. Осылайша «Табаған» 2005 жылдың соңынан бастап жұмыс істеген.
Қайрат Беркінбаев – кәсіпкер, ҚР президенті Іс басқармасының медициналық орталығы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті. Ол 2019 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі «Барыс» мемлекеттік орденімен марапатталды.
Танымал блогер Дәулет Мұқай желіде оқырмандарына Қайрат Беркінбаевты бірнеше рет көргенін, өте биязы, сабырлы адам екенін айтты. Сөзінше белді кәсіпкер, өз ісінің маманы болған және әрдайым баршаға қол ұшын созып, қайырымдылықтың жаршысы болып жүрген.
Қоғамдық денсаулық сақтау қайраткері 57 жасында жүрегі тоқтап дүниеден озды.