«Оразаңды бұзсаң, Iphone 13 беремін»: Дін өкілдері желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді

0
1018

Бүгінде әлеуметтік желіде оразасын бұзған адамға Iphone 13 ұялы телефонын беретінін айтып, пранк жасағандардың видеосы тарап кетті. Көпшілік бейнежазбаға қатысты түрлі пікір жазып жатыр. Қоғамда қызу талқыға түскен бейнероликке қатысты ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл пікір білдірді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Дін өкілінің айтуынша, дінмен, намазбен, оразамен әзілдесу — үлкен күнә. Ол адамды күпірлікке әкеп соқтырады. Сөзінше, мұндай жосықсыз әзілдің соңы жақсылыққа апармайды. «Күлгісі келеді, қалжыңдағысы келеді, бірақ бәрі орнымен болуы керек. Ал қазіргі біздің қолданып жатқан немесе соны видео арқылы түсіріп таратып жатқан пранктардың көбі, жалпы барлығы шариғатқа қайшы деп айтамыз»,- дейді Хасан Аманқұл. А. Данияр Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Алматыда белгісіз біреулердің көшеде бойжеткенді «ұрлап кеткен» видеосы тараған еді. Көп ұзамай қала полициясы Алатау ауданында «қыз алып қашу» оқиғасына қатысқандарды тауып, оның пранк екенін анықтады. Осылайша, пранкқа қатысқан бойжеткен елден кешірім сұрады. «Бұл әлеуметтік эксперимент — пранк екенін айтқым келеді. Мен сол видеодағы қызбын. Мені ешкім алып қашқан жоқ, бәрі жақсы. Жұртшылықтан кешірім сұраймыз», – деген еді полицияға түсініктеме берген азаматша.