Домой Жаңалықтар Моңғолиядағы Азия чемпионатында қазақ қызының жеңісі көрерменді таңғалдырды

Моңғолиядағы Азия чемпионатында қазақ қызының жеңісі көрерменді таңғалдырды

0
341

«ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан бұл турнирде тоғыз медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.

Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы хабарлады. Айта кетейік, құрлық біріншілігіне Қазақстан сапынан 10 спортшы қатысып, оның 9-ы жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, грек-рим күресінің шеберлері 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді. «Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Азия чемпионатында көш бастады. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша «классиктер» барлығы 180 ұпайға ие болған. Иран (4 алтын, 1 күміс, 2 қола) құрамасы екінші болса, Қырғызстан (3 алтын, 3 қола) балуандары үздік үштікті түйіндеді», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Сондай-ақ Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында Мадина Бақбергенова ұтымды әдіс жасап, белдесу соңында жеңімпаз атанды. Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, қазақ қызының бұл жарыста жеңіске жетуі көрерменді таңғалдырған. «Қазақстандық балуан Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионатында көрерменді таңғалдырды. Бұл туралы Моңғолияның ірі ақпарат агенттігі де хабарлаған. 68 келіде белдескен Мадина Бақбергенова финалда Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы қырғызстандық Мейірім Жұманазарованы жеңді. Финалда Мадина 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс жасап, есепті алға жылжытты.

Нәтижесінде, 3:2 есебімен жеңімпаз атанды», деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.