Оразалы Досбосынов туралы көптомдық жарық көрді

0
695
Үш томнан тұратын жинақта ақынның өлеңдері, айтыстары топтастырылған. Сондай-ақ, «Айтыстың Алхимигі» туралы зерттеу еңбектер, мақалалар мен арнау өлеңдер енгізілген, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

2019 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан «Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы» ашылған болатын. Орталық айтыскерге қатысты материалдарды жинаумен шұғылданды. Оларды жинақтай келгенде, үш том кітапқа айналған. Құрастырушы — айтыскер Шұғайып Сезімхан, жауапты редакторы белгілі әдебиетші — Темірхан Тебегенов.

© Қизат НҰРМАМБЕТ
© Қизат НҰРМАМБЕТ

«Бірінші, екінші томына Оразалы Досбосыновтың айтыстары мен өлеңдері енгізілді. Поэзиялық туындылары өте көп емес, жиырма шақты болып қалады. Біз бұған дейін көпшілікке белгісіз қырғыз ақындарымен сөз қағысуларын, одан бөлек Серік Құсанбаевпен жекпе-жегін, Қуаныш Мақсұт, Анар Жаппарқұлмен айтысын тауып алдық. Барлығы қырық шақты айтысы іріктеліп алынды. Үшінші томына ақын туралы ғылыми зерттеулер, мақалалар, арнау өлеңдер кірді» — дейді Оразалы Досбосынов атындағы жастар орталығының жетекшісі, айтыскер Шұғайып Сезімхан.

© Қизат НҰРМАМБЕТ
© Қизат НҰРМАМБЕТ

Айтыс өнерде өзіндік өрнегін қалдырған жыр жампозы туралы пікір жазғандардың осалы жоқ. Нұрлан Оразалин, Мырзатай Жолдасбек, Жүрсін Ерманов, Жанарбек Әшімжан сынды танымал тұлғалардың мақаласын көптомдықтан оқуға болады.

Тұсаукесері бүгін Алматыдағы ұлттық кітапхананың мәжіліс залында өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, үзеңгілес жүрген айтыскер ақындар, өнер жанашырлары қатысты. Жиналғандар Оразалы Досбосыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.

© Қизат НҰРМАМБЕТ
© Қизат НҰРМАМБЕТ

Көптомдық жоғары оқу орнының қаражатымен басылып отырғанын да айта кеткен жөн.

Әзірге небәрі 100 дана жарық көрді. Айтыскер туралы кітапқа сұраныс зор. Сондықтан болашақта көптеп шығару жоспарда,

— дейді орталық қызметкерлері.