Саакашвили түрмеге түссе де Грузияға баратынын айтты

0
896

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили «Грузия тағдыры шешіліп жатқан тұста елді құтқару үшін» 2 қазанда Тбилисиге ұшып келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Азаттыққа сілтеме жасап

Ол күні елде жергілікті сайлау өтеді. Кейінгі кезде Украинада тұрып келген Саакашвили түрме қаупіне қарамастан елге оралатынын айтты.

«Грузияның тағдыры шешіліп жатыр, Грузияның тағдыры қыл үстінде, сол себепті 2 қазан кешке билет алып қойдым. Сіздердің саяси тілектеріңізді қорғау үшін, Грузияны құтқару ісіне қатысу үшін ораламын» деді Саакашвили Facebook’та жариялаған видеода. Ол сонымен бірге ұшақ билетінің скринін де салып қойған.

Премьер-министр Иракли Гарибашвили «Саакашвили елге оралса, полиция оны ұстап әкетеді» деп мәлімдеді.

«Грузия жеріне қадам басқаннан кейін бірден ұсталып, түрмеге жіберіледі» деді Гарибашвили. Оның сөзінен «Интерфакс» агенттігі үзінді келтірді.

2018 жылы маусым айында грузин соты Саакашвилиді «президент болып тұрған тұста қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және «парламент мүшелерінің соққыға жығылуына қатысты дәлелдерді жасыруға тырысты» деп айыптап, сырттай 6 жылға соттаған.

Қазір Грузияда басқарушы «Грузин арманы» партиясы мен Саакашвили қолдайтын оппозиция арасында жағдай ушыққан. Оппозиция былтыр билікті парламент сайлауының нәтижесін бұрмалады деп айыптаған. Ал халықаралық бақылаушылар сайлаудың бәсекеге сай және негізгі сайлау құқықтары сақталғанын айтқан.

Facebook’та жариялаған видеосында Саакашвили жақтастарын көшеге шығып, саяси құқықтары үшін күресуге үндеген.